Ақын, драматург Мұхтар Шаханов өмірден өтті

Фото: Әдебиет порталы/Әйгерім БЕГІМБЕТ
Әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов қайтыс болды. Ақын 84 жасқа толар еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байласты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады.
“Мұхтар Шаханов – шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!” – делінген хабарламада.
Мұхтар Шаханов – 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактордың тіркеушісі, облыстық "Оңтүстік Қазақстан" газетінде корректор, әдеби қызметкер, "Лениншіл жас" газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық "Жалын" журналының бас редакторы, т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды.
1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды. 2003-2004 жылдары "Жалын" журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін "ХХІ ғасыр және Руханият" атты халықаралық элита клубының Президенті болды. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөліміне түскен еді.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен