Жахан Отарғалиев пен Балжан Бидаш 230 шаршы метрлі зәулім үйін көрсетті (видео)
Халықтың көзайымына айналған жұлдызды жұп Жахан Отарғалиев пен Балжан Бидаш тұрып жатқан зәулім үйін көрсетті, деп хабарлайды Stan.kz.
Екіқабатты үйдің аумағы – 230 шаршы метр. Баспанада жанға керектінің бәрі бар: үлкен зал, заманауи стильмен әсемделген ас үй, жатын бөлмелер, гардероб, бірнеше жуынатын бөлме.
Аталған үйді Жахан Отарғалиев өз күшімен салғанын айтады. Балжан үшін де бұл шаңырақ ерекше ыстық. Әнші келін болып түскен кезде соғылып жатқан үйдің әр бұрышын жұбайымен бірге көркемдеген.
Алайда соған қарамастан, жас жұбайлар тұрып жатқан үйлерін сатуға бекінді. Оған себеп – Жаханның кино түсірсем деген өмірдегі ең үлкен арманы.
- "Маған берген сынақты сіздерге бермесін": Жахан Отарғалиев балалы болуға қатысты сұраққа жауап берді
Отарғалиев фильм түсіруге қыруар қаржы керек екенін айтады. Ал ондай қаржыны әзірге тек осы үйден ала алатынын жеткізді.
"Үйді сатамыз деп салған жоқпын. Бірақ болашақта өкініп отырмас үшін қазір сол мүмкіндікті пайдалану керек достар, сол үшін рисковать ету керек", – дейді актер.
Үйдің әр кірпішінің қаланғанына куә болған желі қолданушылары бұл жаңалықты аса жақсы қабылдамады.
"Бұл үй көз алдымызда салынды ғо. Біздің баламыз секілді көз алдымызда өскен", "Қаншама еңбек, қаншама тер", "Мына үйді бәріміз жабылып жүріп салып едік, ішіндегісін жабылып жүріп алып едік қой. Сатуға қимайды екенсің ше, саудасын берсін, бұдан да керемет зәулім ғимараттар бұйырсын сіздерге. Бастысы дендеріңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін", – деп қимастық білдірді оқырмандар.