Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төтенше жағдайлар вице-министрі су тасқынына неге дайын болмағанын түсіндірді: Ал министр отставкаға кете ме

Үкіметтегі брифингте төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов әдетте, су тасқыны өзен арнасынан асқаннан пайда болатынын, ал бес өңірдегі жағдай мүлдем басқа екенін айтты. Ал сур ресурстары және ирригация министрі “отставкаға кетесіз бе” деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Вице-министрдің сөзінше, деректер күштер мен құралдардың дайын болғанын көрсеткен.

“11 өңірдің 46 елдімекенінде тұратын 45 мыңнан астам адамға су тасқыны туралы ескертілгеніне назар аударғым келеді. Су тасқыны болып жатқан қалған бес аймаққа келер болсақ, мұнда су өзендерден емес, даладан келіп, көтерілді. Шындығына келсек, ол жақтан су келеді деп ешкім күткен жоқ. Яғни, су даладан келді", – деді Бауыржан Сыздықов.

Бауыржан Сыздықов желтоқсан айында көптеген өңірлерде күн райы жылы және жауын-шашын көп болғанын атап өтті. Осыған байланысты даладағы жер әдеттегіден көбірек мұз болып, қатып қалған және әлі толық еріп біткен жоқ. 



Оның айтуынша, бұған дейін болған су тасқынының бәрі қоймалар мен құрылыстары бар реттеуге болатын өзендерде болған. Бірақ даладан су келуі бірінші рет болып отыр. Вице-министр атап өткендей, бұл суды ешқандай тарап есепке алмайды.

Жақында президент елдегі су тасқыны жағдайына байланысты бірнеше министр мен өңір әкімдеріне сөгіс жариялады. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов “мемлекет басшысының сынынан кейін отставкаға кетесіз бе” деген сұраққа жауап берді. 

Үкімет кулуарында министр мемлекеттік органдардың алдында қазір жағдайды ушықтырып алмау міндеті тұрғанын нақтылады. Жұмыс қорытындысы бойынша шешім қабылданады, деп толықтырды ол. 

“Шешім су тасқыны шараларын ескертуге байланысты жұмысымызға қарай қабылданады. Сізге жауап бердім, келесі сұраққа көшіңіз”, – деді Нұржан Нұржігітов. 

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов су тасқынының алдын алуға бюджеттен бөлінген 7 миллиард теңгенің қайда жұмсалғанына жауап берген еді. 

Талқылау