Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Торт жемей жүргендей жағаласады": Жанар Айжанова тойдағы жанжалдарға шүйлікті

Жанар Айжанова
Фото: Instagram.com/zhanar_aizhanova

Танымал әнші, актриса Жанар Айжанова “Айтарым бар” подкастына берген сұхбатында қазіргі жастардың отбасылық өмірге деген көзқарасы туралы әңгімеледі. Өнер иесі заман өзгерген сайын қыз-келіншектердің тұрмысқа қатысты ұстанымы да өзгергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің сөзінше, бұрын тұрмысқа шыққан қыздарға барған жерінің берекесін кіргізіп, күйеуінің абыройын асыруға кеңес берілсе, қазір жастар ең алдымен өз бақытын ойлайды.

“Қазір заман басқа. Тұрмысқа шығып жатқан қызға “Жақсы әйел бол, еркектің басын төрге сүйре” деп көрші. “Есің дұрыс па? Мен неге оны сүйреуім керек? Өз өмірім бар. Керісінше, еркек мені асырауы керек” дейді. Ол да дұрыс шығар. Бұрын қыздарға “Барған жеріңді бақытты қыламын деп бар” дейтінбіз. Ал қазір “Неге мен оларды бақытты етуім керек? Ең алдымен өзім бақытты болуым керек” дейді. Негізі екі жас бір-бірімен бақытты болса, айналасына да нұрын шашады. Оны көрген ата-анасы да бақытты болады”, – деді Жанар Айжанова.

Сонымен қатар өнер иесі кейінгі жылдары кеңінен тараған мәһр сұрау дәстүріне қатысты ойын айтты.

Әнші кейбір қыздардың болашақ жарының материалдық жағдайын ескермей, қымбат сыйлық талап ететінін құптамайтынын жеткізді.

“Мен мәһрді әлі күнге дейін түсінбеймін. Кезінде біз мәһрсіз-ақ тұрмысқа шықтық. Қазір “Мәһрге не сұрайсың?” десе, неше түрлі нәрсені айтады. Өзі таңдап, тұрмысқа шығып жатқан ер адамнан бірден көлік немесе басқа да қымбат дүние сұрайды. Оның шамасы келе ме, келмей ме, оған қарамайды. Мұндай мәселені екі жас алдын ала өзара келісіп шешуі керек”, – деді ол.

Жанар Айжанова қазіргі тойларда қалыптасқан тағы бір үрдіске тоқталды. Оның айтуынша, той тортының айналасындағы түсініспеушіліктер кейде екі әулеттің арасындағы жанжалға ұласады.

“Екінші жақтырмайтын дүнием – тойдағы торт. Қазір әлеуметтік желіні ашсаң, торт деген бір бәле болды. Сол тортты бермей-ақ қойса екен. “Екі жастың тәтті торты келе жатыр” дегенде қыз жақтың да, жігіт жақтың да ата-анасы жетіп келеді. Торт жемей жүргендей екі жаспен жағаласады. Соның кесірінен ажырасып жатқандар да бар. Екі жас бірінші ауыз тиіп, кейін даяшылар бөліп берсе, бәрі де дәм татады ғой. Ал қазір торттың дауы ажырасуға дейін апарып жатыр. Мұны қазіргі заманның “тоғызы” дер едім”, – деді әнші.

Еске салайық, бұған дейін Жанар Айжанова 20 жыл отасқан екінші күйеуімен неліктен ажырасқанын айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 16:28