Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Обалына қалғым келмеді": Жанар Айжанова 20 жыл отасқан екінші күйеуімен неліктен ажырасқанын айтты

Жанар Айжанова
Фото: instagram.com/zhanar_aizhanova

Танымал актриса, айтыскер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова “Мамский әңгімеге” берген сұхбатында жеке өмірі туралы сыр шертті. Өнер иесі екінші некесінде 20 жыл бірге тұрған жолдасымен не себепті ажырасқанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жанар Айжанова қызы Айжұлдыз дүниеге келгеннен кейін оған бауыр болса екен деп көп тілегенін айтты. Алайда кейін қайта тұрмыс құрғанымен, екінші некесінде бала сүйе алмағанын жеткізді.

“Айжұлдыздан кейін артынан сіңлісі не інісі болса екен деп тіледім. Жалғыз болмаса екен деп ойладым. Кейін тұрмысқа шықтым, бірақ бұйырмады. Екінші күйеуіммен 20 жыл бірге тұрдық”, – деді ол.

Алайда өнер иесі қызы Айжұлдыз тұрмысқа шыққаннан кейін екінші жолдасымен ажырасып кеткен.

“Біраздан бері солай ойлап жүргенмін. Арамызда бала болмады. Әдетте кінәні әйелден іздейміз ғой. Сондықтан оның обалына қалмайын деп, бір күнде шешім қабылдап, екі жаққа кеттік”, – деді актриса.

Оның айтуынша, бұрын үйленбеген азаматпен 20 жыл отасқанымен, көпшілік баланың болмауына өзін кінәлаған.

“Екінің бірі менен көрді. Көрсе, көре берсін. Мен әлі күнге дейін сол кісі балалы болса екен деп тілеймін. Біреуге қастық ойлап, жақсылыққа жетпейсің. Ол – өте жақсы азамат. Бәрі Алланың қолында. Бізге ортақ бала бұйырмады, ал мен оның обалына қалғым келмеді”, – деді Жанар Айжанова.

Актриса бүгінде бұрынғы жолдасымен араласпайтынын, дегенмен арадағы сыйластық сақталғанын айтты. Оның сөзінше, жақында бір мәселеге байланысты сөйлескен.

“Бүгінде араласпаймыз, бірақ сәлеміміз түзу. Жақында бір шаруаға байланысты сөйлестік. Онда тұрған не бар? Ересек адамдармыз”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 11:22