Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға шетелдік маркетплейстерден сәлемдеме алу процесі қиындатылмайды

Телефон ұстаған әйел
Фото: istockphoto.com

Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алудың жаңа ережелеріне қатысты маңызды түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитет мәліметінше, 2026 жылдың екінші жартысынан бастап ЕАЭО елдерінде Temu, AliExpress, iHerb және басқа да шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді.

Аталған пилоттық жоба Қазақстанда 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Экспериментке "Қазпошта" АҚ, "DHL International Kazakhstan" ЖШС және жеке тұлғаларға тауар жеткізетін басқа да операторлар қатысқан. Комитет өкілдері бүгінге дейін жеке тұлғалардың сәлемдемелерді алуында қандай да бір қиындықтар тіркелмегінін алға тартты. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан (шамамен 114 мың теңге) аспаса, ешқандай өзгеріс болмайды:

  • кедендік баждар мен салықтарды төлеудің қажеті жоқ;
  • сәлемдеме бұрынғыдай жеткізіледі;
  • кеден органдарына өз бетінше жүгіну талап етілмейді;
  • сатып алушының атынан декларацияны электронды сауда операторлары рәсімдейді.

Енді шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар "электронды сауда тауарлары" атты жеке санатқа жатқызылатыны атап өтілді. 

“Олар үшін кедендік декларацияның жаңа түрі – "электронды сауда тауарларына арналған декларация" енгізіледі. Мұндай декларацияда әртүрлі жеке тұлғаларға тиесілі 999 тауар туралы мәлімет көрсетуге болады. Аталған декларацияны сатып алушылардың атынан кеден органдарына электронды сауда операторлары ұсынады. Бұл – кеден ісі саласындағы жаңа институт”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар салмақтық шек (31 келі) алып тасталады. Ал бажсыз әкелу лимиті 200 еуро деңгейінде сақталады.

Комитет өзгерістер негізінен құны жоғары сатып алуларға қатысты болатынын атап өтті. Егер тауар құны 200 еуродан асса:

  • тауар құнының 5%-ы мөлшерінде кедендік баж;
  • 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді.
“Салыстыру үшін айта кетсек, қазір мұндай тауарларға бажсыз әкелу лимитінен асқан сомаға 15% мөлшеріндегі бірыңғай төлем (ҚҚС-пен қоса алғанда) қолданылады. Жаңа ережелер интернет сауданы реттеуге және жеке пайдалану үшін сатып алынған тауар ретінде көрсетіліп, коммерциялық партиялардың әкелінуіне жол бермеуге бағытталған”, – делінген комитет хабарламасында.

Комитет мәліметінше, бұл өзгерістер ЕАЭО аумағында кедендік рәсімдеуден өтіп қойған және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды.

“Осылайша, жеке пайдалану үшін құны 200 еуроға дейінгі тауарларға тапсырыс беретін азаматтардың басым бөлігі үшін сатып алу және сәлемдемені алу тәртібі бұрынғыдай қалады”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда AliExpress, Amazon және Temu арқылы жасалатын сауданың ережесі өзгеретіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 05 Маусым, 2026 18:36