Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстандық әйел 10 жасында өткен жекешелендіру ісіне байланысты қамауға алынды

 

Мээрім Ұзақбаева
Фото: poisk.center

Қырғызстанда Мээрім Ұзақбаева 1993 жылы мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру кезінде сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Алайда сол кезде оның жасы небәрі 10-да болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жағдай туралы Мээрім Ұзақбаеваның адвокаты Ақынбек Ноғаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Мээрім Ұзақбаева Қырғызстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі әрі Өзбекстандағы экс-елшісі Эмилбек Ұзақбаевтың қызы. Қазір Эмилбек Ұзақбаев та "75 ісі" аясында қамауда отыр.

Қорғаушының мәліметінше, 1993 жылы Эмилбек Ұзақбаев "Қырғызайылкомок" кәсіпорнының 0,5 пайыз акциясын сатып алып, кейінгі жылдары басқа акционерлердің үлестерін біртіндеп иеленген. Қазір отбасының иелігінде компания акцияларының 63%-ы бар.

Адвокат барлық мәмілелер заңды түрде рәсімделіп, құжаттармен расталғанын айтты. Оның сөзінше, Мээрім Ұзақбаева жекешелендіру процесіне қатыспаған және кәсіпорын акцияларына иелік етпеген. Ол компанияның бас директоры қызметіне тек 2017 жылы тағайындалған.

Ноғаевтың пікірінше, қылмыстық іс кәсіпорынға тиесілі Бішкектегі аумағы 10 гектардан асатын жер теліміне байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ ол қызының қамауға алынуын әкесіне қысым көрсету әрекетімен де байланыстырды.

Қорғаушының айтуынша, тергеу екі айға жуық уақыттан бері жүргізіліп жатқанымен, осы уақыт ішінде қажетті тергеу әрекеттері орындалмаған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, Бішкектің Первомай аудандық соты Мээрім Ұзақбаеваның қамау мерзімін тағы екі айға ұзартқан. Тергеу оны "Қырғызайылкомок" акционерлік қоғамына қатысты жылжымайтын мүлік нысандары мен жер телімдерін заңсыз жекешелендірді деп айыптап отыр.

Бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаттары ондаған жыл бұрынғы жекешелендіру мәмілелерін қайта қарау тәжірибесін сынға алған. Кейбір депутаттар қазіргі меншік иелерінен мүлікті тартып алуды "мемлекеттік деңгейдегі рейдерлік" деп бағалаған.

Еске салайық, ақпан айында 75 адам Садыр Жапаров пен Жогорку Кенеш төрағасына мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы үндеу жолдаған.

Осыдан кейін Қамчыбек Ташиев ҰҚК төрағасы және Министрлер кабинетінің төраға орынбасары қызметінен босатылды. Елдің ұлттық қауіпсіздік қызметінің құрылымына реорганизация жүргізілді. Бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметінен айырылды. Ал Нұрланбек Тургунбек уулу Жогорку Кенеш төрағасы қызметінен кетіп, депутаттық мандатын тапсырды.

Құрманкул Зулушев те депутаттық мандатын өткізді. Кейін қылмыстық іс қозғалып, "75 хатқа" қол қойғандардың бір бөлігі қамауға алынды. Оларға жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру айыбы тағылып отыр.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қамчыбек Ташиевтің үндеу авторларымен кездескенін жоққа шығарғанын айтқан. Сонымен қатар Садыр Жапаров оның қайтадан мемлекеттік қызметке тағайындалмайтынын атап өтті. Ал Конституциялық сот президент сайлауы белгіленген мерзімде 2027 жылдың қаңтарында өтетінін түсіндірді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 12:09