Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жарты миллионға жуық адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді

жұмысшы
Фото: magnific.com

Қазақстанда 479 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Мұны Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндердің  көбі өңдеу өнеркәсібінде еңбек етеді. Олардың саны – 173,1 мың адам. Одан кейінгі орында тау-кен өндіру (122,1 мың адам), көлік және қоймалау (100,4 мың адам), электрмен жабдықтау саласы (40 мың адам) тұр.

Өңірлер арасында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің ең көбі Қарағанды облысында тіркелген, яғни 84 мың адам. Одан кейін Павлодар облысы – 57 мың, ал Маңғыстау мен Шығыс Қазақстан облыстарында 43 мыңнан адам еңбек етеді.

Министрдің сөзінше, саладағы негізгі мәселелердің бірі – өндірістік жарақаттарды жасыру. 2026 жылы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс берушілер өндірісте болған жарақаттарды жасырған 39 жағдай тіркелген. Мұндай заңбұзушылықтар көбіне қызмет көрсету саласында анықталған.

“Бұл жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаруына, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалмауына және кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерден қағылуына әкеледі”, – деді Асқарбек Ертаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушілер еңбек жағдайларын өзгертсе қызметкерлерге жазбаша түрде хабардар етуге міндеттелетіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 10:55