"Инвестициядан пайда табасыз" деген қызылордалық 154 адамды құрығына түсірген

Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет арқылы алаяқтық жасап, республика бойынша 154 азаматты алдап соққаны үшін сотталды. Келтірілген шығын көлемі шамамен 12 миллион теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қызылорда қаласының тұрғыны "А" 2026 жылғы 6 наурыздағы сот үкімімен интернет-алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Тергеу материалдарына сәйкес, ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге 2024 жылы Instagram әлеуметтік желісінде жалған парақша ашқан.
Алаяқтар азаматтарға "салған қаражаттарыңызды еселеп қайтарамыз" деп уәде беріп, олардың ақшаларын иемденген. Заңсыз әрекет барысында "1XBETKZ" букмекерлік кеңсесі мен "Wooppay Wallet" төлем жүйесі пайдаланылған. Осылайша, еліміздің әр өңірінен 154 адам жәбірленіп, жалпы келтірілген материалдық шығын шамамен 12 миллион теңгені болған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтеген. Осыған байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды. Қазір сотталған азамат тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Сот үкімі заңды күшіне енген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда "Boxy Wealth" қаржы пирамидасының қызметі әшкереленген еді. Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға жарнамалық роликтерді көру арқылы тәулігіне 5-10 пайыз табыс табуға болатынын уәде еткен. Осылайша, 78 адам 110 миллион теңгеден астам қаражатын жоғалтқан. Қылмыстық іс сотқа жолданған еді.
"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы
Оқыңыз