Жалақыны кешіктіріп беретін 2,3 мың компания Еңбек министрлігінің бақылауына алынды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақының кешіктірілуіне жол бермеу үшін ел бойынша 98 мың кәсіпорынға мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жалақыны уақытында төлемеу қаупі жоғары санатқа 2,3 мың кәсіпорын енгізілген. Олар министрліктің ерекше бақылауында. Ал орташа тәуекел санатына 3,2 мың ұйым жатқызылған.
“Талдау Еңбек тәуекелдерінің картасы арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе еңбек заңнамасының бұзылу белгілері анықталған жағдайда жұмыс берушілерге автоматты түрде ескерту жібереді. Карта арқылы ұжымдық шарттардың бар-жоғын, еңбек шарттарының жасалып, тіркелуін, жалақы мен әлеуметтік аударымдардың уақытылы төленуін бақылауға мүмкіндік бар”, – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің айтуынша, бұл мониторинг кәсіпорындардағы жағдайды аудан деңгейіне дейін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар анықталған мәліметтер әкімдіктерге, еңбек инспекциясына және құқық қорғау органдарына жолданады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өңірге қарай айтарлықтай ерекшеленетіні хабарланған еді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында ең жоғары орташа айлық жалақы Астанада тіркеліп, 618 мың теңге болған. Ал ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысында байқалып, орташа жалақы 301,9 мың теңге болған.
"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы
Оқыңыз