Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кей сала иелерінің жалақысы 2,5 есеге дейін көтерілмек

ветеринарлар
Фото: freepik.com

Қазақстанда ветеринария саласын дамытуға арналған жаңа жоспар бекітілді. Құжат аясында ветеринар мамандардың жалақысы 1,5-2,5 есеге дейін өсіп, саланың материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамыту жоспарын бекітті. Бұл құжат мал шаруашылығын дамытуға, жануарлар арасындағы қауіпті аурулардың алдын алуға және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде бірнеше қауіпті мал аурулары бойынша халықаралық деңгейде қауіпсіз ел ретінде танылған. 

"Жүйелі түрде қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан қазір жануарлардың бірқатар аса қауіпті аурулары бойынша халықаралық деңгейде қолайлы мәртебеге ие болды. Олардың қатарында аусыл, жылқылардың африкалық обасы, сондай-ақ шошқаның африкалық және классикалық обасы бар. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді", – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Соның арқасында еліміз ет пен басқа да мал өнімдерін шетелге көбірек экспорттап жатыр.

Жаңа жоспар аясында мал дәрігерлерінің жалақысы өседі, ветеринарлық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайы жақсарады, зертханалардың жұмысы күшейтіледі. Сондай-ақ жануарлардың туған күнінен бастап өнім сатылғанға дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелер дамытылады.

Қазір елімізде ветеринарлық дәрі-дәрмек шығаратын 21 зауыт жұмыс істейді. Ал шекарадағы 67 ветеринарлық бақылау бекеті арқылы елге кіретін және шығатын мал өнімдері қатаң тексеріледі.

Мамандардың айтуынша, 2030 жылға қарай ветеринарлық ұйымдардың техникалық жабдықталуы 80% жаңарып, ветеринария саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 1,5-2,5 есеге дейін өседі деп болжанған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өңірге қарай айтарлықтай ерекшеленетіні хабарланған еді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында ең жоғары орташа айлық жалақы Астанада тіркеліп, 618 мың теңге болған. Ал ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысында байқалып, орташа жалақы 301,9 мың теңге болған.

Айым Атамбаева
Жұма, 29 Мамыр, 2026 12:18