Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың өлімінің ресми себебін атады

Ербаян Мұхтар министрлік
Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын растап, сарбаздың өліміне не себеп болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік дәрігерлердің үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрескенін атап өтті. Алайда алған жарақаттары өте ауыр болғандықтан миында қайтымсыз өзгерістер болып, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Науқас 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан өте ауыр жағдайда болған.

Жүргізілген емдеу мен реанимациялық шараларға қарамастан, науқастың жағдайы аса ауыр күйде қалды. Маусым айында негізгі ауыр дерттен инфекциялық асқынулар, сепсис және көптеген ағза қызметінің жеткіліксіздігі дамыған.

 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та дәрігерлер науқастың биологиялық өлімін тіркеді. Өлімнің себебі – ауыр бас-ми жарақатының салдарлары мен оған қосылған асқынулардан туындаған көп ағзалық жеткіліксіздігі.

"Науқас ең заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған палатада жатты. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ем қабылдауы үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Медицина қызметкерлері емдеу мен күтімнің толық көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының палатаға кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылды", – деп мәлімдеді министрлік.

Бұған дейін Ербаян Мұхтардың отбасылық адвокаты Инга Иманбай жігіттің ауруханада көз жұмғанын айтқан еді. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Анасының айтуынша, сарбазға әскери бөлімде қысым көрсетілген. Кейін тіпті ата-анасының рұқсатынсыз дәрігерлер оған ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған. Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. Қазір Ербаян Түркиядан ем алып келді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 11:48