Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоқыс жинаушылар әйелге 537 миллион теңге ұтыс шыққан лотерея билетін тауып берді

Лоторея
Фото: M. Schuppich / Shutterstock / Fotodom

Италияда қоқыс жинайтын мекеме қызметкерлері әйелге бір миллион еуро (шамамен, 537 миллион теңге) ұтыс шыққан лотерея билетін тауып берді. Құнды билет қоқысқа байқаусызда тасталып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Италияның Битонто қаласында болған. Жергілікті тұрғын лотерея ойнаған сайын өзіне жақын адаммен байланысты бір сандарды таңдап жүрген.

Кезекті ұтыс ойынынан кейін әйел билетін тексеру үшін дүкенге барған. Алайда арнайы құрылғы билетке “төлем жасалмайды” деген нәтиже шығарған. Ұтыс бұйырмады деп ойлаған әйел билетті қоқысқа тастап кеткен.

Үйіне оралған соң ол өзінің таңдаған сандары шын мәнінде ұтысқа ие болғанын біледі. Ал құрылғы билеттің жарамсыз екенін көрсетпеген, керісінше ұтыс көлемі тым үлкен болғандықтан, оны дүкенде бірден рәсімдеу мүмкін болмаған.

Әйел дереу дүкенге қайта барғанымен, қоқыс жәшігі бос болып шыққан. Қоқыс тиеліп, көлік әлдеқашан кетіп қалған еді.

Бір миллион еуродан айырылып қалмау үшін әйел қаладағы қоқыс шығару ісіне жауапты SANB мекемесіне хабарласып, көмек сұраған. Мекеме басшылығы іздеу жұмыстарына кететін шығынды әйел өзі өтейтін болса, көмектесуге келіскен.

Қызметкерлер билеттің қай қоқыс көлігіне тиелгенін анықтап, оны дер кезінде тоқтатқан. Артынша арнайы орталыққа жеткізілген үйінділерді қолмен сұрыптап, лотерея билетін іздеуге кіріскен.

Іздеу жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Ақыры қызметкерлер миллион еуро (шамамен, 537 миллион теңге) ұтыс шыққан билетті қоқыс арасынан бүлінбеген күйінде тауып алған.

Құнды билеттің табылғанын естіген әйел қуаныштан көзіне жас алған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 16:35