Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина азаматы қазақстандықтарға миллиардтаған теңгеге есірткі сатып келген

Есірткі шетелдік
Фото: Видеодан скрин

Польшадан Telegram арқылы жұмыс істеген "Kaef Mafia" есірткі дүкенінің басшысы экстрадицияланды. Украина азаматы есірткі сатып, 2,8 миллард теңгеден астам қаражатты заңсыз жолмен айналымға түсіріп, ақшаны жылыстатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, шетел азаматы трансұлттық қылмыстық топ құрып, оны басқарған. Бұл топ синтетикалық есірткілерді сату және ақша жылыстату ісімен айналысқан.

Арнайы прокурорлар күдіктінің Telegram мессенджерінде "Kaef Mafia" атты интернет-дүкен ашқанын анықтады. Сол арқылы топ есірткі мен психотроптық заттарды ірі көлемде, байланыссыз түрде сатуды жолға қойған.

“Банктік шоттар арқылы 2,8 миллиард теңгеден астам қаражат өткен. Бұл ақша Қазақстаннан шығарылғанымен, кейін ол мемлекет кірісіне тәркіленген”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Сонымен қатар қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 келі есірткі және психотроптық заттар тәркіленген.

Қатысушылардың бір бөлігі сотталған. Алайда топты ұйымдастырушы тергеуден жасырынып, кейін халықаралық іздеуге жарияланған. 2025 жылдың желтоқсан айында күдікті Польшада ұсталды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторында отыр.

Күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.

Бұған дейін ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін 15 жылға сотталған әйел Қырғызстаннан Қазақстанға экстрадицияланған еді. Тергеушілердің айтуынша, әйел сату үшін бір келіден астам гашишті Қазақстан шекарасынан өткізген.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 10:37