"Қазцинктегі" жарылысқа не себеп болды: Министрлік алдын ала себебін атады

Үкімет отырысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Өскемендегі “Қазцинк” зауытында болған жарылыстың алдын ала себебін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, “Востокцветмет” кенішіндегі апатқа жұмыстардың қауіпсіздік талаптарын сақтамай жүргізілуі және өндірістің дұрыс ұйымдастырылмауы себеп болған.
Ал “Қазцинк” зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуынан болған. Шыңғыс Әрінов аталған нысандарда бұған дейін де өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бұзылғаны анықталғанын айтты. Атап айтқанда:
- техникалық құжаттаманың талаптарға сәйкес келмеуі;
- техникалық құрылғылардың пайдалану мерзімін ұзартуға қатысты сараптамалардың болмауы;
- жобалық құжаттамадан ауытқулар;
- өндірістік бақылаудың әлсіздігі;
- тозған жабдықтардың уақытылы ауыстырылмауы.
“Тергеу аяқталған соң кәсіпорынға қатысты тиісті шаралар қабылданады”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде зауытта жарылыс болып, құтқарушылар зардап шеккендерді іздеп жатқанын хабарлаған едік. Кейін үш адам қаза хабарланды. Компания қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Оған қоса оқиға орнынан ауруханаға бес адам жеткізілді, олардың үшеуі тексерістен кейін жеңіл жарақаттармен үйлеріне жіберілген. Тағы екі адам өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған.
"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы
Оқыңыз