"Топыраққа көміп, үстіне хлор төккен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің өлімі туралы жақындары мән-жайын айтты

Алматы облысындағы демалыс орындарының бірінде жұмыс істеген 29 жастағы ер адамның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары оның қатыгездікпен өлтірілгенін айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етіп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Stan.kz марқұмды іздеу жұмыстарына қатысқан жақын достарының бірімен сөйлесіп, оның қандай адам болғанын және мәйіттің қалай табылғанын сұрап білді.
Әлеуметтік желіде марқұм 29 жастағы Айбол Қызайбайдың туыстары оқиғаға қатысты өз нұсқаларын жариялап жатыр. Олардың айтуынша, ер адам жұмыс істеген "Ulan Hot Spring Resort" демалыс орнының басшысы, оның көмекшісі және күзетші қатыгездікпен азаптап өлтірген. Туыстары істің әділ тергелуін талап етіп, кінәлілердің бәрі заң алдында жауап беруге тиіс екенін айтып жатыр.
Алайда бұл мәліметтерді құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адамға дене жарақаттары салынғаннан кейін оның мәйітін жасыру әрекеті жасалған. Қазір кісі өлтіру және қылмысты жасыру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, екі күдікті қамауға алынған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Редакция оқиғаның мән-жайын нақтылау мақсатында марқұмды іздеу жұмыстарына қатысқан оның жақын достарының бірімен тілдестік. Ол досының қандай адам болғанын еске алып, іздеу барысында белгілі болған жайттар туралы айтып берді.
Марқұмның жақын досы оның мектеп кезінен бері ақкөңіл, көпшіл әрі өнерге жақын жан болғанын айтады. Оның сөзінше, досының жоғалып кеткені туралы хабар тарағаннан кейін ауыл тұрғындары жұмылып, бірнеше күн бойы іздеу жұмыстарын жүргізген. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Тиірмен аулының тумасы демалыс орнында жұмыс істегеніне небәрі 4 ай болған екен. Биыл қыста 30 жасқа толу керек болған марқұм жайлы достары жылы естеліктерін бөлісті.
"Мектеп кезінен бері жақсы, ақкөңіл адам болатын. Үнемі көңілді жүретін. Ешқашан мұңайып немесе көңілі түсіп жүргенін көрмеппін. Ән айтатын, шығармашылыққа жақын жан еді. Адамдармен кикілжіңге көп түсе бермейтін", – дейді марқұмның досы.
Оның айтуынша, іздеу жұмыстарына ауыл тұрғындары белсенді қатысқан.
"Тиірмен жұрты болып іздеу жұмыстарына қатысып, жұмыла іздедік. Марқұмның денесі табылған кезде сол жерде болдық. Дронның көмегімен қауын алқаптарын, су ағатын арықтар мен маңайдағы аумақтарды түгел қарап шықтық. Алайда бастапқыда ешқандай нәтиже болмады. Кейін жергілікті тұрғындардың бірі белгілі бір аумақта жаңадан қазылған екі жер бар екенін айтып хабар берді", – дейді досының бірі.
Досының айтуынша, олар сол көрсетілген жерге барып, түсініксіз жайтты байқаған.
"Топырақтың жақында ғана қопарылғаны байқалды. Сәл қаза бастағанда көк шөп аралас топырақ шықты. Одан кейін адамның құлағы мен сақалы көрінді. Сол сәтте жұмыстарды бірден тоқтатып, полиция қызметкерлері мен криминалистерді шақырдық. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, әрі қарай барлық жұмысты өз бақылауына алды. Марқұмның денесін құқық қорғау органдарының қызметкерлері шығарды. Марқұмды тану оңай болған жоқ. Бет-әлпеті қатты өзгеріп кеткендіктен, оны сақалы мен үстіндегі спорттық киіміне қарап таныдық. Біздің байқауымызша, мәйіттің денесінде түрлі жарақат белгілері болған. Көзі ағып кеткен, мұрны сынып кеткен. Түгел денесінің бәрі көк ала қойдай болып кеткен. Ісініп кеткен. Сондай-ақ қазу жұмыстары кезінде өткір иіс (хлор) сезілді. Алайда денедегі жарақаттардың нақты сипаты мен басқа да мән-жайларға қатысты түпкілікті қорытындыны сот-медициналық сараптама мен тергеу нәтижелері көрсетеді", – дейді марқұмның досы.
Марқұмның досының айтуынша, мәйіт табылғаннан кейін ауыл тұрғындары аудандық полиция бөлімшесіне жиналған.
"Ауыл болып аудандық полиция бөліміне бардық. Сол жерде жиналыс өтті. Полиция өкілдері қылмыстық іс қозғалғанын және бірнеше адамның күдікті ретінде қарастырылып жатқанын хабарлады. Тергеу жан-жақты әрі әділ жүргізілетінін айтты. Бізге оқиғаның белгілі болған мән-жайлары түсіндірілді. Барлығымыздың күткеніміз – әділдік", – дейді ол.
Оның сөзінше, тергеудің өзге де деректері алдағы уақытта құзырлы органдар тарапынан жариялануға тиіс.
"Қазір ауыл ішінде түрлі әңгімелер тарап жатыр. Алайда ресми ақпаратқа ғана сүйенген дұрыс деп есептеймін. Тергеудің нақты нәтижесін құқық қорғау органдары жариялайды. Сондықтан алып-қашпа сөздерге ермеуге шақырамын", – дейді марқұмның досы.
Ол іздеу жұмыстарына ауыл тұрғындарымен бірге түрлі ұлт өкілдерінің де атсалысқанын атап өтті.
"Іздеу кезінде көптеген адам қолдау көрсетті. Ауыл тұрғындары ғана емес, сол маңдағы адамдар да қолдан келген көмегін аяған жоқ", – дейді ол.
Марқұмның қазасы оның жақындары мен достарына ауыр соққы болған.
"Бізге де жақын, жанашыр досымыздан айырылып қалу өте қиын болды. Іздеу барысында түрлі ой келді. Бір жерге кетіп қалған шығар, аман-есен табылады деп үміттендік. Өкінішке қарай, бәрі басқаша аяқталды", – дейді досы.
Сондай-ақ оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін де демалыс орны жұмысын жалғастырған.
"Біз іздеу жұмыстарына қатысып жүрген күндері де демалыс орны қалыпты режимде жұмыс істеп тұрды", – деді ол.
Ескерту: сұхбат барысында айтылған кейбір жайттар марқұмның жақындары мен іздеу жұмыстарына қатысқан азаматтардың жеке пікірлері мен байқауларына негізделген. Олардың бірқатары бойынша ресми тергеу нәтижелері әлі жарияланған жоқ. Қылмыстық іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны сот пен құзырлы органдар береді.
"Топыраққа көміп, үстіне хлор төккен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің өлімі туралы жақындары мән-жайын айтты