Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда балалардың көбеюі балмұздақ өндірісінің артуына әсер еткен: Салдарынан тәттінің бағасы өсті

балмұздақ баға
Фото: pexels.com

Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында балмұздақ пен шербеттің бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға қымбаттаған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 11,4% болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі energyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылардың айтуынша, бағаның өсуіне өндірістік шығындардың артуы мен нарықтағы жағдай әсер еткен. Мұны өңірлердегі баға айырмашылығынан да байқауға болады. Мысалы, Ақмола облысында балмұздақ бағасы 34,4%-ға өссе, көршілес Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 1,5%-ға ғана қымбаттаған. Мамандар мұны шекаралас өңірге импорттық өнімдердің жеткізілуімен байланыстырады.

Осы жылдың алғашқы төрт айында үш өңірде балмұздақ бағасы ең көп өскен:

  • Маңғыстау облысы – 33,1%;
  • Түркістан облысы – 32,9%;
  • Ұлытау облысы – 30,6%. 

Республикалық орташа көрсеткіштен жоғары өсім Қостанай (21,2%), Қарағанды (21,9%) және Павлодар (22,6%) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (23,9%) тіркелген.

Соңғы бірнеше жылдың деректері балмұздақ бағасының үнемі бірқалыпты өспегенін көрсетеді. Мысалы, 2020-2021 жылдары баға салыстырмалы түрде баяу өсіп, шамамен 9,5% болған. Ал 2022 және 2023 жылдары қымбаттау қарқыны күрт үдеп, балмұздақ бағасы тиісінше 22,5% және 23,2%-ға артқан.

Бағаның өсуіне өндірістік факторлар да әсер етті. Балмұздақ пен тағамдық мұз өндірушілерінің баға динамикасын талдау өзгерістердің біркелкі болмағанын көрсетеді.

Өндірістік көрсеткіштерге қарағанда, қазақстандық балмұздақ өндірушілер үшін қарқынды даму кезеңі басталған. Өткен жылы балмұздақ пен тағамдық мұз өндірісі 22,7%-ға өсіп, 63,2 мың тоннаға жетті. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Қазақстанда балмұздаққа деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. 2020-2025 жылдар аралығында ішкі нарықта сатылған балмұздақ пен тағамдық мұз көлемі 40,8 мың тоннадан 61,3 мың тоннаға дейін өсіп, шамамен 1,5 есе көбейген. Бұл үрдіс 2026 жылдың алғашқы тоқсанында да жалғасты.

Сарапшылар мұны екі негізгі себебі бар:

  • Елдегі балалар саны көбейіп келеді. 2020 жылдан 2026 жылға дейін Қазақстандағы кәмелетке толмағандар саны 905,6 мың адамға артып, 7,2 миллионға жеткен;
  • Тұрғындардың балмұздақ тұтыну деңгейі өскен. Яғни, балалар ғана емес, ересектер де бұл өнімді бұрынғыдан көбірек сатып ала бастады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың үшінші тоқсанында әрбір қазақстандық орта есеппен 626 грамм балмұздақ тұтынған болса, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 644 грамға дейін өскен. Жылдың басқа айларында да жан басына шаққандағы тұтыну көлемінің артқаны байқалған.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 01 Маусым, 2026 15:08