Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО әкімдігі Балушкиннің аяқталмаған автозауытын өнеркәсіптік алаңға айналдырмақ

Анатолий Балушкин
Фото: Компания сайтынан

Шығыс Қазақстан облысындағы бұрынғы "Азия Авто Қазақстан" автозауытының аяқталмаған кешені облыс әкімдігінің меншігіне берілді. Құны 23,3 млрд теңгеге бағаланған нысан алдағы уақытта өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында пайдаланылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұрын кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі болған аяқталмаған "Азия Авто Қазақстан" толық циклді автозауытын өнеркәсіпті дамыту мақсатында пайдалануды жоспарлап отыр. 

2026 жылдың сәуір айында аяқталмаған автозауыт кешені ШҚО әкімдігінің қарамағына берілді. Оның құрамына жер телімдері, ғимараттар, құрылыстар және бұрын "БИПЭК Авто Қазақстан" АҚ мен "Азия Авто Қазақстан" АҚ атына тіркелген материалдық құндылықтар кіреді. Қазір нысанды коммуналдық меншікке қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, аталған өндірістік алаңды барлық саладағы өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға пайдалану көзделіп отыр. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ құру және жаңа өндірістер ашу үшін инвесторлар тарту мүмкіндігі қарастырылмақ.

"Алаңды өнеркәсіптің түрлі бағыттарын дамытуға тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Қазір арнайы экономикалық аймақ құру және өндіріс орындарын ашуға мүдделі инвесторларды тарту мәселесі қарастырылып жатыр", – деп хабарлады облыстық туризм басқармасы.

Билік өкілдерінің айтуынша, көп жылдан бері пайдаланылмай тұрған зауыттың техникалық жағдайына алдымен жан-жақты сараптама жүргізіледі.

Сонымен қатар инфрақұрылымды қалпына келтіруге қажетті жұмыстардың көлемі мен құны анықталады.

Нысан Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында орналасқан.

"ФениксКоммерц" бағалау компаниясының есебіне сәйкес, аяқталмаған кешеннің нарықтық құны шамамен 23,3 млрд теңгені құрайды. Алайда 2026 жылғы сәуірде өткен электрондық сауда-саттық қорытындысы бойынша кешен әкімдікке 0 теңгеге берілді.

Еске салайық, Анатолий Балушкин "БИПЭК Авто Қазақстан" компаниялар тобының негізін қалаушы. 2020 жылы оның байлығы 153 млн АҚШ долларына бағаланған болатын. Сол жылы Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Азия Авто" компаниясымен жасалған мемлекеттік преференциялар туралы келісімді сот арқылы бұзып, компанияны мемлекетке 174 млрд теңге қайтаруға міндеттеді.

Кейін кәсіпкерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. 2023 жылы құқық қорғау органдары Балушкин мен компанияның бірқатар топ-менеджерлерін 230 млрд теңге көлеміндегі қаржы жымқырды деп күдіктенетінін хабарлады. Ал 2025 жылдың сәуірінде сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін сырттай тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған он жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 10:46