Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейге қашып кеткен "Азия Авто" басшысы Анатолий Балушкиннің зауыты ШҚО әкімдігіне берілді

Азия Авто
Фото: kolesa.ru

Ресейге кетіп, халықаралық іздеуде жүрген кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі болған "Азия Авто Казахстан" аяқталмаған автозауыт Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің меншігіне берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Басылым мәліметінше, "Азия Авто Казахстан" толық циклді аяқталмаған автозауыт 2026 жылдың сәуірінде электронды сауда арқылы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қарамағына өтті. 

Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің дерегінше, кәсіпорын 2026 жылғы 19 наурызда саудаға шығарылған. Лот құрамына аяқталмаған зауыт, жер телімдері, сондай-ақ өндірістік кешен аумағындағы барлық ғимараттар мен материалдық құндылықтар енгізілген. Нысан Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында орналасқан.

"ФениксКоммерц" бағалау компаниясы мүліктік кешеннің құны шамамен 23,3 млрд теңге болатынын атап өтті. Алайда бастапқы баға мен кепілдік жарна 0 теңге болып белгіленген. Себебі қарапайым жасалған сату емес, мемлекеттік заңды тұлғаға беру рәсімі болған.

2026 жылғы 7 сәуірдегі хаттамаға сәйкес, сауда жеңімпазы ретінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі танылып, нысан 23 267 885 900 теңге көлеміндегі бағалау құнымен мемлекетке өткізілген.

Мамандардың айтуынша, зауыт аумағын мемлекет меншігіне бекіту оны жүйелі дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа өндірістер ашу, арнайы экономикалық аймақ құру және отандық әрі шетелдік инвесторларды тарту жоспарланып отыр. Алдымен нысанның техникалық жағдайы зерттеліп, қалпына келтіру мен жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталады.

Аталған зауыт бұрын кәсіпкер Анатолий Балушкин-ге тиесілі болған. Ол БИПЭК Авто Казахстан компаниясының негізін қалаушы. 

Еске салайық, бұған дейін "Азия Авто" ісі бойынша компанияның бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаев 2021 жылдан бері халықаралық іздеу екенін жазған едік. Тергеу оларды банктік қарыздарды өтеуден және салық төлеуден жалтару мақсатында 230 миллиард теңгені жымқырды деп айыптады. 2025 жылдың сәуірінде сот оларға сырттай үкім шығарып, Балушкинді 9 жылға, Сағымбаевты 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Кейін сот келтірілген залалды өтеу туралы шешім қабылдады.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 12:22