Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеңілмейтін династия": Қытайлық миллиардерлер АҚШ-та суррогат аналар арқылы ондаған бала сүйіп жатыр

Сюй Бо мен сәби

Фото: Baidu / Getty Images. Суретте: Сюй Бо.

Қытайда ауқаттылар арасында жаңа үрдіс пайда болды. Кейбір миллиардерлер миллиондаған доллар жұмсап, АҚШ-тағы суррогат аналардың көмегімен ондаған, тіпті жүздеген баланың дүниеге келуіне жағдай жасап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Wall Street Journal-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың мақсаты – болашақта бизнесін сеніп тапсыратын мұрагерлер тәрбиелеу және өзге де ықпалды әулеттермен туыстық байланыс орнату. Басылым мұны “жеңілмейтін әулет” құруға ұмтылыс деп сипаттайды.

Қытайда суррогат ана қызметіне тыйым салынған. Сондықтан АҚШ-та қытайлық байларға қызмет көрсететін тұтас индустрия қалыптасқан.

“50 таңдаулы ұл”

The Wall Street Journal бір видеоны мысалға келтірді. Онда бөлмеде отырған кішкентай балалар камераны көрген бойда “Әке! Әке!” деп жүгіріп келеді. Басылым бұл видеоны 2022 жылы қытайлық Weibo әлеуметтік желісінде технология саласының миллиардері Сюй Бомен байланысы бар адам жариялағанын жазды.

Журналистердің деректеріне сүйенсек, видеодағы балалар – оның көптеген мұрагерінің бір бөлігі ғана болуы мүмкін. Басылым Сюй Бо бірнеше жыл бойы АҚШ пен басқа елдердегі суррогат аналардың көмегімен жеке әулет қалыптастырып жатқанын анықтаған.

Сюй Бо өзін интернетте “Қытайдың бірінші әкесі” деп атап, патриархалдық көзқарасты насихаттайтыны айтылады. Оған қатысы бар делінген парақшада әйелдің басты құндылығы оның бала туу қабілеті екені туралы жазбалар жарияланған. Алайда кәсіпкер бұл парақшаның өзіне қатысы барын жоққа шығарған.

300 бала туралы дау

Кейінгі уақытта Сюй Бо бұрынғы жұбайы Тан Цзинмен соттасып жатыр. Әйел бұрынғы серігінің әлемнің әр түкпіріндегі үйлерінде тұратын шамамен 300 баласы бар деп мәлімдеген.

Бұл сұраққа Сюй Боның өзі жауап бермеген. Алайда оның Duoyi Network компаниясы мәлімдеме жасап, 300 бала туралы ақпараттың асыра айтылғанын жеткізген. Сонымен бірге компания кәсіпкердің суррогат аналардың көмегімен туған 100-ден сәл астам баласы бар екенін мойындаған.

АҚШ-тағы суррогат ана индустриясы

Қытайда суррогат ана қызметі заңсыз. Ал АҚШ-та бұл сала федералды деңгейде толық реттелмеген. Шетелдік азаматтар шамамен 200 мың доллар төлеп, генетикалық материалын жіберу арқылы бала сүйе алады. Бұл процесті арнайы агенттіктер, клиникалар, заңгерлер мен күтуші қызметтері ұйымдастырады.

Бақылаудың әлсіздігі салдарынан бір мезгілде бірнеше суррогат жүктілікті қаржыландыруға мүмкіндік бар. Журналистер Сюй Бо дәл осы тәсілді пайдаланған болуы мүмкін деп болжаған.

Сот неге күмәнданды?

2023 жылы Лос-Анджелес сотына Сюй Боның әлі дүниеге келмеген төрт балаға әкелік құқығын рәсімдеу туралы өтініштері түскен. Тексеру барысында оның бұған дейін тағы кемінде сегіз суррогат баланы асырап алғаны немесе құжаттарын рәсімдеп жатқаны анықталған.

Сот отырысында кәсіпкер АҚШ-та кемінде 20 ұл бала тәрбиелегісі келетінін айтқан. Оның сөзінше, олар болашақта бизнесін басқаруға көмектесуі керек.

Бұл мәлімдеме судьяны алаңдатқан. Нәтижесінде сот төрт балаға қатысты әкелік құқықты рәсімдеуден бас тартқан. Судья суррогат ана қызметі отбасын құруға көмектесуі керек, ал Сюй Боның жоспары әкелік жауапкершілікке ұқсамайды деп санаған.

The Wall Street Journal мұндай жағдай тек Сюй Бомен шектелмейтінін жазды. Мысалы Ван Хуэйу атты тағы бір қытайлық кәсіпкер он қыз баланың дүниеге келуін жоспарлаған. Басылым деректері бойынша, ол қыздарын болашақта ықпалды адамдармен тұрмыс құруы мүмкін деп есептеген.

Репродуктивті клиникалар желісінің негізін қалаушы Нэйтан Чжанның айтуынша, бұрын қытайлықтар АҚШ-тағы суррогат ана қызметін “бір отбасы – бір бала” саясатының салдарынан пайдаланса, қазір ультрабай адамдардың жаңа буыны ондаған немесе жүздеген мұрагер сүйгісі келеді.

Илон Масктың ықпалы

Чжанның сөзінше, көптеген клиентке Илон Маск үлгі болған. Масктың әртүрлі әйелден туған кемінде 14 баласы бар екені белгілі. Оның айналасындағылар кәсіпкердің мүмкіндігінше көп әрі жоғары интеллекті ұрпақ қалдырғысы келетінін айтқан.

Басылым мәліметінше, Маск жеке хаттарында болашақта өз “легионын” құру үшін қажет болса, суррогат аналардың көмегіне жүгінуге дайын екенін жазған.

Павел Дуровтың мәлімдемесі

Былтыр Павел Дуров өзінің арнасында 100-ден астам биологиялық баласы бар екенін хабарлады. Оның айтуынша, шамамен 15 жыл бойы донор ретінде тапсырған шәуетінің көмегімен әлемнің әртүрлі елінде жүзден астам отбасы балалы болған. Бұдан бөлек, Дуровтың үш түрлі серіктесінен туған алты ресми баласы бар.

Осылайша, әлемдегі кейбір аса бай адамдар арасында ондаған немесе жүздеген мұрагер тәрбиелеп, өз ықпалын бірнеше ұрпаққа жеткізуді көздейтін жаңа үрдіс қалыптасып келеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 11:00