"Зауыттағы апат айтқаныңызды жоққа шығарып отыр": Бектенов "Қазмырыш" басшысын сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов “Қазмырыш” зауытындағы жарылысқа байланысты компанияның бас директоры Жанат Жанботинді сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында Жанботин 2023 жылдан бері кәсіпорында өліммен аяқталған оқиғалар тіркелмегенін айтты. Оған қоса жыл сайын еңбек қауіпсіздігіне 27 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді.
Сонымен қатар ол 5 мамыр күні мырыш зауытының электролиз цехында болған апатқа тоқталды.
“Түтін сорғышты іске қосу кезінде жарылыс болып, артынша өрт шықты және ғимарат құрылымының бір бөлігі опырылды. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Бұл біздің ұжым үшін орны толмас қайғы. Болған жағдайдың себебін анықтап, алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қажет шараны қабылдаймыз. Осындай қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеуге міндеттіміз”, – деді Жанботин.
Алайда премьер-министр мамыр айында болған қайғылы жағдай компаниядағы қауіпсіздік шараларының жеткілікті деңгейде емес екенін көрсеткенін айтты.
“Баяндаманы жақсы оқыдыңыз. Бірақ мамыр айында болған жағдай айтқандарыңызды жоққа шығарады. Сондықтан қосымша әрі нақты шаралар қабылдау қажет”, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін еңбек және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне бақылауға алу керегін айтты.
Еске салсақ, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі "Казцинк" ЖШС-нің қорғасын зауыты аумағында, электролиз цехының балқыту бөлімінде жарылыс болып, 120 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Сонымен қатар цехтың 220 шаршы метр аумағында құрылымдар опырылған. Құтқарушылар келген кезде цех ашық жалынмен жанып жатқан. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Ауруханаға бес адам жеткізілді, олардың үшеуі тексерістен кейін жеңіл жарақаттармен үйлеріне жіберілді. Тағы екі адам өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.
"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы