Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аптап ыстықта ұйықтай алмай жүрсіз бе? Төсекті салқындатудың 9 тәсілі

Төсекте әйел ұйқы
Фото: Magnific.com

Қапырық бөлмеде жатып, жастықтың “салқын жағын” қайта-қайта аударып шаршадыңыз ба? Аптап ыстық күндері ұйқыға кетудің өзі қиын: адам ары-бері аунап, сағатқа қарай береді, ал көрпе де жайсыздық тудырады. Ұйқы маманы, The Sleep Charity ұйымы басшысының орынбасары Лиза Артис ыстықта жақсы ұйықтау үшін кондиционер мен желдеткіштен бөлек те тиімді тәсілдер бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

1. Бөлме температурасын бақылаңыз

Сапалы ұйқы үшін бөлме температурасы шамамен 16–17°C болғаны дұрыс. Күндіз бөлмеге күн сәулесі тікелей түспеуі үшін перде мен жалюзиді жауып қойған жөн. Ал кешке терезені ашып, салқын ауа кіргізіңіз.

Ұйықтар алдында электрон құрылғыларды өшірген дұрыс. Себебі олар қосымша жылу бөліп, бөлмені одан әрі қапырық етуі мүмкін.

2. “Теңіз жұлдызы” қалпында ұйықтап көріңіз

Денеңізді еркін созып жатқанда ауа айналымы жақсарады. Бүйірмен жату да пайдалы, өйткені бел тұсы дене тез ыстықтайтын аймақтардың бірі саналады. Мұндай қалып дененің салқындауына көмектеседі.

3. Ұйықтар алдында жылы душ қабылдаңыз

Бір қарағанда оғаш көрінгенімен, жылы душ денені салқындатуға көмектеседі. Жылы су дене температурасын уақытша көтереді. Ал душтан шыққаннан кейін ағза тез салқындай бастайды. Бұл миға “ұйықтайтын уақыт келді” деген белгі береді.

4. Көрпеден толық бас тартпаңыз

Ыстықта көп адам көрпені мүлде пайдаланбайды. Бірақ маманның айтуынша, жеңіл көрпе жамылған дұрыс. Мақтадан жасалған жұқа көрпе дене температурасын реттеуге көмектеседі. Ұйқы киімі мен төсек жаймасының да 100% мақтадан болғаны жақсы.

5. Төсек жаймасына салқындататын спрей себіңіз

Суға бірнеше тамшы жалбыз эфир майын қосып, жаймаға аздап бүркуге болады. Бұл теріні сергітіп қана қоймай, бөлмеге жағымды хош иіс береді әрі тыныш ұйықтауға көмектеседі.

6. Түнде ауыр тамақ пен алкогольден аулақ болыңыз

Ұйықтар алдында тамақтану дене температурасын көтеріп, ұйқыға кетуді қиындатады. Сондықтан соңғы ас пен ұйқы арасында кемінде екі сағат уақыт болғаны жөн.

Алкоголь де ағзаның жылу реттеуіне кері әсер етіп, түнде мазасыздық тудыруы мүмкін.

7. Аяғыңызды салқын ұстаңыз

Аяқтың салқындауы бүкіл дененің салқындауына әсер етеді. Лиза Артис ұйықтардан бірнеше сағат бұрын шұлықты тоңазытқышқа салып қоюды ұсынды. Сондай-ақ мұздатылған су құйылған бөтелкені төсектің аяқ жағына қоюға болады.

8. Салқындататын төсек-жабдықтарын пайдаланыңыз

Егер түнде жиі ыстықтап кетсеңіз, арнайы салқындатқыш қасиеті бар төсек-жабдықтарын қолдануға болады. Олар денедегі артық жылуды сыртқа шығарып, ұйқыға қолайлы жағдай жасайды.

9. Бас пен мойынды салқын ұстаңыз

Кейде дененің бір бөлігін ғана салқындату жеткілікті. Маңдайға немесе мойынға салқын, дымқыл шүберек қойып көріңіз.

Тағы бір әдіс – күріш толтырылған шұлықты мұздатып, жастықтың астына қою. Бұл жастықтың салқындауына көмектеседі.

Аптап ыстықта ұйықтау қиын болғанымен, осындай қарапайым амалдар түнгі тынығуды әлдеқайда жайлы ете алады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 10:42