Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Израиль мен "Хезболла" арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын мәлімдеді

АҚШ пен Израиль
Фото: AP

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливандағы "Хезболла" қозғалысы арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Трамп бұл туралы Иран АҚШ-пен жүргізіп жатқан келіссөздерді тоқтататынын жариялағаннан кейін айтты.

Оның сөзінше, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен болған әңгіме нәтижесінде Израиль әскері Бейрутке кірмейтін болып шешілген.

Сондай-ақ Трамптың айтуынша, "Хезболла" қозғалысының өкілдерімен де келіссөз жүргізіліп, тараптар атысты тоқтатуға келіскен.

"Израиль оларға шабуыл жасамайды, ал олар Израильге шабуыл жасамайды", – деді Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желідегі парақшасында.

1 маусымда Иран мемлекеттік БАҚ-тары Израильдің Ливандағы әскери операцияларын кеңейтуіне наразылық ретінде Тегеранның АҚШ-пен келіссөздерді уақытша тоқтатқанын хабарлады.

NBC News телеарнасына берген сұхбатында Трамп Иранның бұл шешімі туралы алдын ала хабардар болмағанын айтты.

"Егер олар келіссөздерді тоқтатса, ешқандай мәселе жоқ. Бірақ бұл біз барлық жерге бомба тастаймыз дегенді білдірмейді. Біз блокаданы сақтаймыз.  Егер олар сөйлескісі келмесе, бұл да дұрыс. Шынын айтқанда, мен де көп сөйлескім келмейді. Біз онсыз да тым көп сөйлестік", – деді АҚШ президенті.

Еске салайық, бұған дейін Израиль мен "Хезболла" арасындағы шиеленіс соңғы айларда күшейгенін жазған едік. Биыл 8 сәуірде Израиль әскері Ливан аумағына ауқымды әуе соққыларын жасап, "Хезболланың" әскери инфрақұрылымына соққы бергенін мәлімдеген еді. Кейін тараптар атысты тоқтату режимін сақтауға келіскенімен, шекара маңындағы шабуылдар мен өзара айыптаулар жалғасты.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 10:19