Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ пен Иран келісімге келді, бірақ Трамптың мақұлдауы қажет – БАҚ

АҚШ пен Иран қақтығысы
Фото: vchal/Shutterstock/FOTODOM

АҚШ пен Иран келіссөз жүргізушілері 60 күндік өзара түсіністік туралы меморандум бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Құжат атысты тоқтату режимін ұзартуға және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді бастауға мүмкіндік береді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп әлі соңғы мақұлдауын берген жоқ. Мұны Axios басылымына екі америкалық шенеунік мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Иран тарапы бұл ақпаратты әзірге растаған жоқ.

“Бұл келісім барлық тарапты келіссөз үстеліне жинауға бағытталған. Ал егжей-тегжейі келіссөз барысында пысықталады”, – деді америкалық шенеуніктердің бірі.

АҚШ өкілдерінің айтуынша, келісімнің негізгі шарттары сейсенбі күні-ақ келісілген. Кейін Иран тарапы қажет рұқсаттарды алғанын және құжатқа қол қоюға дайын екенін жеткізген. Алайда Иран бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ.

Сондай-ақ басылым Трамп пен оның кеңесшілері соғыстың алғашқы кезеңдерінде бірнеше рет келісімге жақындадық деп есептегенін жазды. Бірақ келіссөздер бірнеше мәрте тығырыққа тірелген.

Дереккөздердің мәліметінше, 60 күнге арналған өзара түсіністік туралы меморандумда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы “шектеусіз” жүзеге асатыны көрсетіледі. Америкалық шенеуніктің бірі бұл баж салығы мен қысым болмайды дегенді білдіретінін айтты. Сондай-ақ Иран 30 күн ішінде бұғаздағы барлық минаны алып тастауға тиіс.

АҚШ-тың әскери-теңіз блокадасы да алынады. Бірақ бұл коммерциялық кеме қатынасының қалпына келуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Сонымен қатар АҚШ Иранға мұнайды еркін сатуға мүмкіндік беру үшін кейбір санкциялық жеңілдіктер ұсынуы мүмкін. Меморандумда Иранның ядролық қару жасамау жөніндегі міндеттемесі де қамтылады.

Құжатта 60 күндік кезеңде ең алдымен Ирандағы жоғары байытылған уранды кәдеге жарату және Ирандағы уран байыту мәселесін шешу талқыланатыны жазылған.

АҚШ келіссөз аясында санкцияларды жеңілдету және бұғатталған ирандық қаражатты босату мәселесін қарастыруға міндеттеледі.

Меморандумда Иранға тауарлар мен гуманитарлық көмекті жеткізуді бастауға мүмкіндік беретін механизмді талқылау да қарастырылған.

Сондай-ақ құжатта Израиль мен Ливандағы “Хезболла” арасындағы соғыстың тоқтатылатыны көрсетіледі. Бұл мәселе бойынша Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында кемінде бір рет шиеленісті келіссөз өткен.

Axios басылымы келіссөздердің соңғы кезеңінде де АҚШ пен Иран соңғы 48 сағатта Ормуз бұғазында екі рет қақтығысқанын атап өтті.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 09:54