Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық көпбалалы ана Еуропада Қазақстан намысын қорғайды

 

Сандуғаш Сұлтан

Алматыда "Миссис Қазақстан" ұлттық байқауының финалы өтті. Төрт баланың анасы Mrs. Kazakhstan European Nations титулына ие болып, ел намысын Еуропада қорғайды.

Сандуғаш Сұлтан кәсіби журналист, PR маманы. Қазір KMF Банкте қызмет атқарады және сол банктің амбассадоры.

"Біздің қоғамда көпбалалы ана десе дамуы тоқтаған, үнемі көмекке мұқтаж, қорғансыз әйелдерді елестетіндер көп. Тіпті солай болуы керек сияқты ой қалыптасқан. Жоқ, керісінше, балаң көбейген сайын дамуың арта түсуі керек деп есептеймін. Себебі бала айтқаныңмен емес, істегеніңе қарап өседі, қалыптасады. Мемлекет әр отбасыдан, ал әлем әр мемлекеттен құралады", – дейді ол.

Айтуынша, бірінші баласын өмірге әкелгеннен кейін елдегі ең беделді медиахолдингтен жұмысқа шақырту алған. Ал екінші баласынан кейін АҚШ-та тағылымдамадан өткен. Үшінші баласын дүниеге әкеліп, магистратураны тәмамдап, банктен шақырту алған.

Сандуғаш Сұлтан

Төртінші баласынан кейін KMF Банктің амбассадоры болып, халықаралық байқауға қатысып көруге бел буыпты.

"Байқауға Қазақстан бойынша 600-ден аса әйел қатысты. Солардың ішінен 20-сы іріктеліп, финалға жолдама алды. Қазір Mrs. Kazakhstan European Nations 2026 титулына иемін. Елімнің көк туын әлемдік аренада желбірету бала кезден арманым еді, сол үшін кәсіби түрде спортпен айналыстым. Бірақ ауыр жарақаттан кейін бас тартуға тура келді. Алайда арманымнан бір сәтке де бас тартқан емеспін", – дейді Сандуғаш Сұлтан.

Негізгі жұмысынан бөлек, іс-шараларды, тікелей эфирлерді жүргізу, кино, жарнамаларға түсу, өлең, әнге сөз жазу, ән айтумен айналысатын ол болашақта әйелдерді дамыту орталықтарын ашуды армандайтынын айтты.

"Әр әйелдің өмірі балалы болғаннан кейін 100 пайыз өзгеретіні рас. Тіпті босана салып қолдаусыз қалатындар қаншама. Біздің қоғамда босанғаннан кейінгі депрессия дегенге сенетіндер аз, десек те ғылым оны дәлелдеп берді. Күтім көрмеген әйелдің одан әрі сапалы өмір сүріп, тіпті позитивті ойлауының өзі қиынға соға бастайды. Сол үшін ана болған күннен бастап қолдау көрсетіп, дамуына көмектесетін орталықтар ашуды армандаймын. Себебі дені, жаны сау анадан сау ұрпақ туады. Біздің қоғамды қалыптастыратын сол ұрпақ, қоғам мемлекетті, мемлекет әлемді құрады", – дейді ол.

Айта кетейік, Еуропадағы байқау биыл қазан айында өтеді, оған 50-ге жуық ел қатысады.

Stan.kz
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 11:47