Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда харассментке қарсы заң күзде парламентке енгізіледі

заң
Фото: Shutterstock/FOTODOM

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орнындағы харассмент пен жыныстық сипаттағы қысымға қатысты нормалар енгізілген заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны министр Асқарбек Ертаев Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.

“Бұл түзетулер Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдары негізінде әзірленді. Заң жобасында, біріншіден, харассмент пен жыныстық сипаттағы қысым ұғымдары нақтыланды. Екіншіден, мұндай фактілер анықталған жағдайда жұмыс берушінің жауапкершілігі қарастырылды”, – деді министр.

 Оның айтуынша, қазір ұсынылған түзетулер бизнес қауымдастық өкілдерімен талқыланып жатыр. Құжатты биыл күзде парламент қарауына енгізу жоспарланған.

Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылы ұсынған дерегіне сәйкес, әлемдегі қызметкерлердің шамамен 23%-ы жұмыс орнында зорлық-зомбылыққа немесе  жыныстық сипаттағы қысымға тап болады.

Алайда Біріккен ұлттар ұйымы бұл көрсеткіш нақты жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін екенін айтты. Себебі зардап шеккендердің едәуір бөлігі болған оқиға туралы хабарлауға батылы жетпейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда харассмент ұғымы заң жүзінде бекітілетіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 12:10