Мадридте Димаш туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

Испанияның Мадрид қаласында Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен оның Испаниядағы жанкүйерлер қауымдастығына арналған “Al Compás de Su Voz” деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dimashnews.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жоба Испаниядағы әншінің фан-клубы мен La Gran Voz Kazaja қауымдастығының бірлесіп жұмыс істеуімен түсірілген. Фильмнің режиссері – жас испаниялық кинематографист Давид Кольянтес Родригес.
Көрсетілім Мадридтегі Palacio de Hielo кинотеатрында өтіп, оған 130-дан астам көрермен жиналды. Іс-шараға Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев бастаған Елшілік өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ жас қазақстандық әнші Жанель Али қатысты.
Айта кетейік, 15 жастағы Жанель Али бұған дейін Барселонада өткен Димаштың концертінде онымен бірге сахнаға шыққан еді. Деректі фильмнің финалдық титрлерінде оның орындауындағы Te prometo әні берілген.
Бұл деректі лента Испанияда Димаштың өзіне ғана емес, оның Dears деп аталатын жанкүйерлер қауымдастығына да арналған алғашқы киножоба болды. Фильмде фан-қоғамдастықтың бес өкілінің оқиғасы баяндалады. Олар Димаштың шығармашылығымен қалай танысқанын және бұл қауымдастық өмірлерінің маңызды бөлігіне қалай айналғанын әңгімелейді.
Фильмді түсіру барысында режиссер Испанияның түрлі өңіріне барып, кейіпкерлермен кездескен. Осылайша ол қазақстандық әншінің халықаралық фан-қозғалысын жақынырақ зерттеген.
Жоба авторларының айтуынша, фильмнің басты мақсаты – әлемге “Димаш қозғалысы” деп аталатын құбылысты көрсету. Яғни әншінің әр елдегі тыңдарманына тигізген мәдени және эмоционалдық ықпалын жеткізу.
Келер уақытта деректі фильм Испаниядағы бірқатар ұлттық кинофестивальде көрсетіледі. Фестивальдік көрсетілімдер аяқталғаннан кейін картинаны ашық онлайн-қолжетімділікке шығару жоспарланып отыр. Халықаралық көрермендер үшін фильмге ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдерінде субтитр дайындалады.
Фильм авторлары бұл туынды Димаштың жанкүйерлері ғана емес, қазақстандық өнерпаздың шығармашылығын енді танып жатқан көрермендер үшін де қызықты болады деп үміттенеді.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген жас әншіге продюсерлік ететіні хабарланған еді. Әнші Hunan TV арнасындағы “Voice Beyond Horizon” жобасының алғашқы жеңімпазы – Нұржас Садырбаевтың продюсері болды. Енді жас әнші Димаштың қолдауымен кәсіби деңгейін жетілдіріп, халықаралық сахнаға шығуға мүмкіндік алады.
"Жанжал адам өлімімен аяқталған": Қытайда төбелес болып, қазақстандықты ұстап әкетті
Оқыңыз