"Құдағиым ақшаны қайтаруды талап етті": Ұлдана Мырзуанның анасы сотта күйеубаласы берген 4,5 миллион теңге туралы айтты
Астана сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта Ұлдананың анасы Салима Ешенқұлова-Омаровадан жауап алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокурор Саяжан Серікова Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел бұған дейін сотта өзіне көмек ретінде берілген 20 миллион теңгенің 4,5 миллион теңгесін марқұмның туыстарына бергенін айтқанын атап өтті. Осыған байланысты ол Ұлдананың анасынан қаржылай көмек көрсетілді ме деп сұрады.
"Өздеріңіз білетіндей, қызымның несиесі болған. Біз оны жабуды қаладық. Алайда оған мүмкіндік бермеді. "Тек алты айдан кейін" деді. Одан кейін ас беру рәсімдерін өткізу керек болды. Үлкен қызым бұл ақшаны Әділеттен сұрады, өйткені мамыр айынан бастап Ұлдананың несиесін өзі төлейтін болды. Бұл қаражат ас беруге және ескерткіш орнатуға жұмсалды", – деді Ұлдананың анасы.
Алайда әйелдің айтуынша, кейін құдалары бұл ақшаны қайтаруды сұраған.
"Мамыр айында Әділеттің анасы хабарласып, сол 4,5 миллион теңгені қайтаруды сұрады. Егер қайтармасақ, сотқа жүгінетіндерін айтты. Одан мұндайды күтпедім. Бұл ақша менікі де, оныкі де емес. Телефонымда барлық хат-хабар сақталған. Қажет болса, ұсына аламын", – деді марқұмның анасы.
Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.
20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)
