Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қасымда тұрған қызымды тани алмай қалдым": Ұлдана Мырзуанның анасы сотта жылап қалды

Фото: Видеодан скриншот

 

Сотта марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарова куәлік берді. Ол мінберге жақындай салысымен көзіне жас алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол қайғылы оқиға болған күнді айтып берді. Екеуі таңда видеоқоңырау арқылы сөйлескен екен.

"Сол күні мен Шымкентке азық-түлік сатып алуға баруым керек еді. Біз ауылдық жерде тұратындықтан, жақын маңда дүкен жоқ. Ең жақын дүкен шамамен 20-30 минуттық жерде орналасқан. Мен таксиге отырып, қызыммен телефон арқылы сөйлестім. Ол шақырту келіп түскенін айтты", – деді марқұмның анасы.

Анасының айтуынша, Ұлдана әр шақыртудан кейін айтып отырады екен. 

"15 минут ішінде дүкенге кіріп, қажетті заттарды сатып алып, кассаға бара жатқанда, құдағи, яғни Әділеттің анасы, екі-үш рет қоңырау шалды. Даусы біртүрлі болып естілді, мен бірдеңе дұрыс емес екенін сездім. “Тыныштық па?” десем, “Жоқ, үстіне қабырға құлап кеткен” деді. “Жаңа ғана сөйлесіп едік қой” деп сене алмадым. Шақыртудан соң дүкенге кіріп, сондағы шкаф құлады ма деп ойлаппын", – деді Сәлима.

Үлкен қызы тез арада билет алу керегін айтқан. Осылайша жолға шығыпты.

Әйел Астанаға келіп, ауруханаға кіргенде, мұндай жағдайды көремін деп ойламапты.

"Операциядан енді шыққан екен. Реанимацияда болғандықтан, алғашында кіргізбеді. Уайымым үдей түсті. Таңда кіруге рұқсат берді. Қатар жатқан адамдардың ішінен қызымды таппай қалдым. Қасымда тұрған қызымды да тани алмадым. Үш ұйықтасам да, мынандай болады деп ойламаппын. “Қызым, маған хабарласамын деп едің ғой, неге олай еттің” деп жылай бердім. Қызыма көп нәрсе айтқым келді, оны сүйгім келді. Бірақ ол мені естімей жатқанын түсіндім. Содан кейін қызметкерлер мені “ұзақ тұруға болмайды” деп сыртқа алып кетті", – деді жәбірленуші.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 14:20