"Әзіл деп ойладым": Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі қайғылы оқиғаға бірден назар аудармағанын айтты
Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өлімі ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 20 тамызда сотта жәбірленуші боп танылған бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел қайғылы оқиға болған күн туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол Ұлдана Мырзуанмен 2025 жылы қыркүйектен бастап некеде болған. Әділет Зейнелдің сөзінше, Ұлдана 8 қарашада көлікпен Қосшыдан жұмысқа бірге барған. 7:45-те жұмыс орнына жеткен, ал 8:00-де ол операцияға кіріп кетті. 8:30-да Ұлдана оған “жұмыста шақырту түскенін” айтыпты. Сағат 10 шамасында екеуі хат жазысып, сол кезде марқұм “шақырту түскен жерде бірдеңе құлаған” деп айтқан.
“10:50-де фельдшерлердің бірі қоңырау шалып, оның ауруханада жатқанын, жедел жәрдем бөлмесіне түскенін айтты. Оны Ұлдана Мырзуан деп емес, “белгісіз адам” деп жеткізген. Бірақ мен ол кезде әзіл шығар деп ойлап, мән бермедім. 10:55-те анам қоңырау соқты. Ол әйелімнің звондап, әйелім шокқа қарсы бөлімде жатқанын айтты. Себебі анам сонда жұмыс істейді. Сол кезде барып көрдім. Расымен Ұлдана екен”, – деді Әділет Зейнел.
Сол кезде прокурор “мұндай нәрсемен әзілдей ме екен? Неге бірінші хабарға мән бермедіңіз?”деп сұрады.
Сөзінше, хабарласқан адамды танымағандықтан, не болғанын түсіндірмегендіктен, сенбеген.
“11-лерде барғанымда, үсті-басы қан-жоса болды. Денесінде жарақат көп болды. Киімдерін кесіп шешіп тастаған. Басында қызғылт кірпіш қалдығы, кондиционердің темір кіші қалдықтары тұрды. 10 күн бойы ол есін жимады. Тек саусағын қозғалтты. Дәрігерлер оның ағзасы істен шығып жатқанын ескертті. Бүйрегі істемей қалды, жүрегі тоқтады. Бас сүйек-ми қысымы көтеріліп кетті. 18 қарашада қайтыс болып кетті”, – деді жәбірленуші.
Әділет Ұлдананың операциясына толық кірмеген екен, дегенмен ассистент болып, құрал-саймандар әкеліп жүрген. 5 метр жерден көре алдым дейді.
Ал 13 тамыздан бастап Әділет екінші рет үйленгенін және қазір “жесір” емес, “үйленген” мәртебесіне ие екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты