Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, күн салқындайды
8-10 қыркүйекте Қазақстанның батысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсерге ұласады. Сонымен қатар батыс пен солтүстік-батыста ауа температурасы төмендейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері елдің батысына орталығы Самара қаласының үстінде орналасқан циклон әсер етеді. Соның салдарынан жаңбыр жауып, кей уақытта нөсер болады.
Батыс өңірлерде түнгі ауа температурасы 12-21 градустан 7-16 градусқа дейін, күндіз 15-25 градустан 13-23 градусқа дейін төмендейді.
Солтүстік-батыста да күн салқындайды. Мұнда түнгі температура 13-20 градустан 5-15 градусқа дейін, күндіз 20-30 градустан 15-25 градусқа дейін төмендейді.
Ал Қазақстанның қалған аумағында жаздағыдай жылы ауа райы сақталады. Елдің солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында атмосфералық фронттардың әсерінен өткінші жаңбыр жауады.
Еліміздің шығысында антициклон әсерінен жауын-шашын болмайды. Бұл өңірде күн ашық болады.
Көшпенділер ойынында Қазақстан мен Қырғызстан жеңісті бөлісе алмай қалды: Сарапшылар не дейді?
