Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар соңғы 80 жылдағы ең жылы жылды бастан өткерді

 

ыстық ауа райы
Фото: freepik.com

Синоптиктердің мәліметінше, 2025 жыл Қазақстанда метеобақылаулар жүргізіле бастаған 1941 жылдан бергі ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мамандардың дерегіне сәйкес, 1960 жылдардан бері елімізде әрбір келесі онжылдық алдыңғысынан жылырақ болып келеді.

2016-2025 жылдар аралығындағы орташа жылдық ауа температурасы +7,11 °С болып, климаттық нормадан +0,83 °С жоғары болды. Ал 2021-2025 аралығы ең жылы бесжылдық ретінде тіркеліп, орташа температура +7,55 °С-қа жетті. Бұл қалыпты көрсеткіштен +1,27 °С жоғары.

Кейінгі ең жылы он жылдың тоғызы XXI ғасырда байқалған. 2025 жылы Қазақстан аумағындағы температура аномалиясы +2,11 °С болып, 2023-тегі рекордтық көрсеткіштен (+1,73 °С) асып түсті.

2025 жыл Атырау, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қоспағанда, елдің барлық өңірінде рекордтық деңгейде жылы болды. Өңірлер бойынша температура аномалиясы +1,10 °С пен +2,64 °С аралығында тіркелген.

Сондай-ақ Қазақстандағы 176 метеостанцияда ауа температурасының экстремалды жоғары көрсеткіштері байқалды. Соның ішінде батыс, солтүстік-батыс, оңтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі 138 станцияда 2025 жыл 1941 жылдан бергі ең жылы жыл ретінде тіркелді.

Жауын-шашын мөлшеріне келсек, 2025 жылы республика бойынша орташа жылдық көрсеткіш климаттық нормаға жақын болды. Ел аумағында орта есеппен 295,7 мм жауын-шашын түсіп, бұл норманың 91,8 пайызы болды.

Ең аз жауын-шашын Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелді. Мұнда тиісінше норманың 46,4 және 52,8 пайызы ғана түскен. Ал Павлодар облысында жылдық норма 123,1 пайыз орындалып, орташа жауын-шашын көлемі 384 мм болған.

Нормаға қарағанда жауын-шашынның ең көп мөлшері Маңғыстау облысының шығыс бөлігінде (121–167%), солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерде (121–150%), сондай-ақ шығыс аймақтардың солтүстігінде (121–130%) байқалды.

Керісінше, жауын-шашын тапшылығы оңтүстік және орталық облыстардың басым бөлігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде және батыс өңірлердің жекелеген аудандарында тіркелді. Елдегі 11 метеостанцияда 1941 жылдан бергі ең төменгі жауын-шашын рекордтары жаңартылған.

1976–2025 жылдар аралығында Қазақстан бойынша орташа жылдық температураның өсу қарқыны әр онжылдық сайын шамамен 0,40 °С болған. 2000-жылдардан бері ауа температурасының оң аномалиялары басымдыққа ие.

2000-жылдардың соңы мен 2010-жылдардың басында қысқа мерзімді салқындау кезеңі байқалғанымен, 2010-жылдардың ортасынан бастап температураның тұрақты өсу үрдісі қайта күшейіп, 2020-жылдардың басында одан әрі үдей түсті.

Ал жауын-шашын көлемі бойынша 1940, 1960 және 1970-жылдары төмендеу байқалған. Соңғы қырық жылда айқын ұзақ мерзімді үрдіс қалыптаспағанымен, оң және теріс ауытқулардың қысқа кезеңдері алма-кезек қайталанып отырған.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 2026 жылдың жазында Алматыда ауа температурасы кей күндері +36...+41°С-қа дейін көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде ыстықпен қатар ауа райы құбылмалы болып, әсіресе тау бөктеріндегі аудандарда нөсер жаңбыр, найзағай, қатты жел және бұршақ жиі байқалуы ықтимал. Шілде мен тамыз айлары ең құрғақ кезең болады деп болжанып отыр. Осыған байланысты өрт қаупі артып, аптап ыстықтың әсерінен ауа сапасы да нашарлауы мүмкін. Мамандар тұрғындарға дауылды ескертулерді бақылап, ыстық күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

Айым Атамбаева
Жұма, 29 Мамыр, 2026 11:17