Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адамға зейнетақы тағайындау кезінде еңбек кітапшасындағы мөрге байланысты 13 жылдық еңбек өтілі есепке алынбаған

Мөр басылған құжатФото: depositphotos.com

Солтүстік Қазақстан облысында сот ер адамның зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілін растады, арызданушының 13 жылдық еңбек өтілі есепке алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл аудандық соты ер адамның еңбек өтілінің бар екендігін заңды факт ретінде белгілеу туралы өтініші бойынша азаматтық істі қарады.

Сот мәліметінше, өтініш беруші сотқа зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде уәкілетті орган оның 1983 жылғы 8 маусымнан 1996 жылғы 25 қарашаға дейін Корнеев автокөлік кәсіпорнында жұмыс істеген кезеңін еңбек өтіліне қоспағанын айтып шағымданған.

Бас тартуға негіз ретінде еңбек кітапшасындағы ұйым мөрінің анық оқылмауы және кәсіпорынның қызметін тоқтатуына байланысты оған түзетулер енгізу мүмкін болмағаны көрсетілген. 

Сот барысында кәсіпорынның қызметін растайтын құжаттардың мемлекеттік мұрағаттарға түспегені және құқықтық мұрагерлігі туралы мәліметтердің жоқ екені анықталды.

Ал арызданушы сотқа еңбек кітапшасының көшірмелерін және көрсетілген кезеңде жүргізуші қызметінде жұмыс істегенін растайтын куәгерлерді ұсынған.

Сот ұсынылған дәлелдерді зерттей келе, бұл деректі соттан тыс тәртіпте анықтау мүмкін еместігі және оны сот тәртібімен белгілеуге құқықтық негіздердің бар екені туралы қорытындыға келді.

Сот шешімімен өтініш қанағаттандырылды. Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін маңызды заңды дерек белгіленді, яғни өтініш берушінің 1983 жылғы 8 маусымнан 1996 жылғы 25 қарашаға дейін Корнеев автокөлік кәсіпорнында еңбек қызметін атқарғаны расталды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар зейнетақы қорындағы шоттарында ақшаларының азайғанына шағымдаған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 20:23