Қазақстанда енді ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелер бастапқы жарнаға байланысты белгіленеді

Қазақстанда ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелерді бастапқы жарна сомасына байланыстыру жоспарлануда. Жаңа ереже күшіне енсе бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, пайыздық мөлшерлеме соғұрлым төмен болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейіне қатысты өзгерістерді қарастыруда.
“Қарастырылып отырған нұсқа бойынша, егер бастапқы жарна 30% және одан жоғары болса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20% пайыз деңгейінде белгіленуі мүмкін. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен болған жағдайда, несиелер үшін бұдан жоғары мөлшерлеме белгіленеді”, – деді Әбілқасымова.
Осылайша, қарыз алушының жеке қаражаты неғұрлым көп болса, банк үшін тәуекел соғұрлым төмен болады. Алайда бұл өзгеріс нарықтағы сұранысқа кері әсер етіп, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін.
"Бастапқы жарнаға қажетті соманы баспаналы болғысы келетіндердің барлығы бірдей жинай алмайды", – дейді ҚНРДА басшысы.
Нәтижесінде әлеуетті сатып алушылардың бір бөлігі ипотека алу мүмкіндігінен айырылады, өйткені агенттік ұсынған шаралар пайыздық мөлшерлемені төмендетпесе де, бастапқы жарнаны арттыру сияқты қосымша шарт енгізеді.
Қазір елдегі базалық мөлшерлеме 18%-ды құрайды, ал нарықтағы ипотекалық мөлшерлемелер 20–22% деңгейінде. Талаптарды одан әрі қатаңдату қарыз алушылардың аясын тағы да тарылтады. Агенттік бұл өзгерістің кейінге қалдыру мүмкіндігін де жоққа шығармайды, түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.
Еске салсақ, бұған дейін 1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотека рәсімдеу қиындайтыны туралы жазған едік. Енді банктер қарыз алушыларды қатаңырақ бағалай бастайды, сонымен қатар мөлшерлемелер мен төлем қабілеттілігін есептеу тәсілі күшейтіледі. Тағы бір маңызды өзгеріс – банктер зейнетақы аударымдары арқылы расталған ресми табыстарды ғана есепке алады. Сонымен қатар енді табысты растаусыз немесе қосымша кепілсіз ипотека берілмейді.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Зообелсенділер бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты
Оқыңыз