Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Оңтүстік Кореяға 18 миллион баррель мұнай жеткізетін болды

мұнайФото: freepik.com

Оңтүстік Корея Қазақстанмен 18 миллион баррель мұнай жеткізу жөнінде келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақпаратты Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик мәлімдеді.

Ол 8 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, келіссөз жүргізген. Сол кезде Қазақстан басшысы Оңтүстік Кореямен ынтымақтастыққа жауапты арнайы кеңесші тағайындалатынын айтқан.

Кан Хун Сиктің сөзінше, алдағы уақытта тараптар мұнай мен нафта (жеңіл көмірсутектер қоспасы) жеткізу саласында ынтымақтастықты жалғастырады. Оған қоса екі ел минералдық ресурстар, қалалық даму және өнеркәсіптік құрылыс бағыттарында да әріптестікті кеңейтуді жоспарлап отыр.

“Оңтүстік Корея 2026 жылдың соңына дейін Ормуз бұғазын айналып өтетін бағыттар арқылы 273 миллион баррель мұнай жеткізуді қамтамасыз етті. Оған қоса, энергиямен жабдықтауды тұрақтандыру мақсатында қосымша 2,1 миллион тоннаға дейін нафта жеткізіледі”, – деді Кан Хун Сик.

Оңтүстік Корея мұнай жеткізу бойынша Қазақстаннан бөлек Оман, Сауд Арабиясы және Катармен де келіссөз жүргізген.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея мұнай дағдарысына байланысты Қазақстаннан көмек сұрағаны туралы жазған едік. Кейін Оңтүстік Корея Қазақстаннан мұнай алу туралы келісімге жақындап қалғаны хабарланды. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 16:42