Елімізде мұнай өндіру көлемі күрт азайған

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда мұнай өндіру көлемі күрт азайғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында вице-министр бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3% болғанын айтты. Сонымен қатар мұнай секторының Жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе қысқарған.
“Биыл экономикалық өсім мұнай секторының оң үлесінсіз қамтамасыз етіледі. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 11,4% төмендеді. Бұған мұнай өндірудің 19,8%, табиғи газ өндірудің 15,1% қысқаруы себеп болды”, – деді вице-министр.
Ал энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай өндіру көлемінің азаюына Каспий құбыр консорциумы мен Теңіз кен орнындағы жағдай себеп.
“Есепті кезеңде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 миллион тонна болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 80,2%. Қарашығанақта шикі газды кері айдауға арналған алтыншы компрессорды іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жылына 10–11 миллион тонна мұнай өндіру деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Қазір ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндірісін арттыру шаралары бойынша келіссөздер жүріп жатыр”, – деді Ақкенженов.
ОқыңызМинистрдің айтуынша, алғашқы үш айда мұнай экспорты 15,3 миллион тонна болған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 78,5%. Биыл экспорт көлемі 76 миллион тонна болады деп болжанып отыр екен.
"Тоқырау жылдарында оқуға түсе алмадым": 50 жасында диплом алған алматылық медбике өз арманын қалай орындады