Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында алаяқ зейнетақы жинағын шешіп беремін деп тұрғынды алдап кеткен

алаяқ зейнетақы жинағынан ақша шешіп беремін деп уәде еткенФото: freepik.com

Мойынқұмда тұрғынға зейнетақы жинағын шешіп беруге уәде еткен алаяқ әшкереленді. Сенімге кіріп, 4,8 млн теңгеден астам қаржыны иемденген күдіктіге сот 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мойынқұм аудандық соты ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша азамат Н-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот мәліметінше, 2025 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында сотталушы Мойынқұм ауданының тұрғынын алдап, оның зейнетақы жинақтарынан ақша шешіп беруге көмектесетінін айтқан. Жәбірленушінің құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, ол қызметі үшін өз шотына қаражат аудартқан.

Осылайша, жәбірленушіге 4,8 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Тергеу барысында сотталушы бұл қаражатты жеке мақсаттарына жұмсағаны анықталды.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші тараппен татуласқанымен, келтірілген шығын толық өтелмеген.

Прокурор соттан 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Сот үкімімен азамат Н Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленді. Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада алаяқтықтың тағы бір дерегі тіркелді. Өзін байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адам тұрғынды алдап, оның депозиттік шотынан 20 миллион теңгені қолды еткен. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырды.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Сәуір, 2026 11:14