Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық зейнеткер алаяқтарға сеніп, екі пәтерінен айырылды

Фото: @halyqstan

Алматыда жалғызбасты зейнеткер алаяқтарға сеніп, екі пәтерінен айырылған. Енді ол баспанасыз қалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Курьер ретінде ақша алып, оны алаяқтарға жеткізген адамдар 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда осы ірі алаяқтықтың негізгі ұйымдастырушылары бір жыл өтсе де табылмаған. 

Өткен жылдың мамыр айында Светлана Григорьевна Суходольскаяға өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Ол зейнеткердің электронды цифрлық қолтаңбасына (ЭЦҚ) алаяқтар қол жеткізгенін айтып, бүкіл мүлкінен айырылып қалуы мүмкін екенін ескерткен. Бұған жол бермеу үшін тез арада екі пәтерін сатып, ақшаны қолма-қол күйінде арнайы курьерлерге тапсыру керектігін айтқан. Олар ақшаны "қауіпсіз жерге" жеткізіп, полиция алаяқтарды ұстағанша сақтайды деп сендірген.

Суходольская өзін алдаған адамның да алаяқ екенін бірден аңғармаған. Зейнеткер екі пәтерін заңды түрде сатып, түскен ақшаны курьерлерге өз еркімен берген. Кейін "ҰҚК қызметкері" байланысқа шықпай қойған, ал әйел ақшасын қайтара алмады. 

"Өзімді өзім кінәлаймын, сенбеуім керек еді. Бірақ олар мені үнемі қысымда ұстап, таңертең де, кешке де хабарласып, ойлануға мұрша бермеді", – деді зейнеткер.

Осыдан кейін ғана ол шынайы полицияға жүгінген. Бірақ бір жыл ішінде телефон арқылы сөйлескен негізгі алаяқ табылмады. Тек курьерлер анықталып, олардың Қырғызстан азаматтары екені белгілі болды. Олар үшін уақытша табыс көзі болған жұмыс ақыры түрме жазасына айналды. Алаяқтардың әрқайсысы 5,5 жылға сотталды. Сонымен қатар олар зейнеткерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.

Алайда сотталғандардың ешқандай мүлкі, тұрақты жұмысы болмағандықтан, ақшаны қалай қайтаратыны белгісіз. Зейнеткер пәтерлерді сату келісімдерін сот арқылы жарамсыз деп тануға тырысқан, бірақ сотта жеңіліп қалды. Енді екі ай ішінде пәтерді жаңа заңды иелеріне босатып беруі керек. Дегенмен ол сот шешіміне шағымданбақ.

"69 жасымда қайда барамын? Көшеде қаламын ба? Мен жалғызбастымын, ешкімім жоқ…" – деп жылайды зейнеткер.

Алаяқтардың кесірінен алматылық зейнеткер 20 миллион теңгесі мен пәтерінен айырылды

Алаяқтардың кесірінен алматылық зейнеткер 20 миллион теңгесі мен пәтерінен айырылды

Оқыңыз

Еске салайық, бұған дейін 85 жастағы көкшетаулық қария алаяқтарға алданып, депозиттегі ақшасы мен пәтерінен айырылды. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келтірілген шығын 13 миллион теңгеден асқан. Алаяқтық нәтижесінде зейнеткер депозитте сақталған қаржысы мен пәтерінен айырылған. Анықталғандай, алаяқтық схема 2025 жылдың желтоқсанында басталған. Белгісіз біреу зейнеткерге қалалық электр желісінің қызметкерімін деп таныстырып қоңырау шалған. Алаяқ санау құрылғысын ауыстыруды сылтау етіп, жәбірленушінің жеке мәліметтерін қолға түсірген.

Назархан Уән
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 12:46