Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқырау жылдарында оқуға түсе алмадым": 50 жасында диплом алған алматылық медбике өз арманын қалай орындады

Фото: Бағлан Нұрымованың жеке архиві

Желіде 50 жасында университет дипломын алған әйел қазақстандықтарды сүйсіндірді. Медбике болып 32 жыл жұмыс істеген алматылық Бағлан Нұрбаеваның бұл екінші дипломы. 19 жасында колледжді аяқтаған соң жалғызбасты ана екі қызын өсіріп жетілдіру үшін біраз жыл жоғары оқу-орнында оқуға мүмкіндігі болмаған. Алайда араға уақыт салып, 50 жасында мектеп кезіндегі балалық арманы ҚазҰУ-ды тәмамдады. Дипломын алып, ерекше қуанған анамен Stan.kz тілшісі тілдесіп көрді.

 

“Жалғызбасты анамыз бізді өсіру үшін еңбек етті”

Бағланның желіде тараған видеосын қызы Әмина Нұрбаева жариялаған. Қызының айтуынша, анасы жоғары оқу орнында оқуды бұрыннан қалаған.

“Үйде екі қызбыз. Анам жалғызбасты болса да бізді оқытып өсіру үшін медицина саласында 32 жыл бойы көп еңбек етті. Біз үшін де біраз уақыт оқи алмай жүріп қалды. Міне енді бакалаврға түсіп, биыл дипломын алып жатыр. Анам өте қамқор адам.

Бұл шешімге өзі келді. Себебі қазір колледж дипломы жарамай бара жатыр. Оның үстіне болашақта зейнетке шыққаннан кейін де колледжге мұғалім болып, өз білгенімді жастарға үйретсем деген ойы бар. Сол үшін бакалаврдың, магистрдің дипломдары қажет болып оқимын деп шешім қабылдады. Біз оқу бітіріп диплом алған кезде анамыз әрдайым жанымыздан табылатын. Сосын біз де ол диплом алған кезде ерекше әсер сыйлайық дедік. Негізі анам диплом алуға кетерінде бізге “келмей-ақ қойыңдар” деген. Алайда бәрібір біз тосынсый жасап барайық деп шештік”, – деді қызы Әмина.

“ҚазҰУ арманым еді: Мектеп бітіргенде түсе алмадым”

Бағлан 1994 жылы Алматы қаласының республикалық медициналық колледжін 19 жасында бітірген. Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласының 1 қалалық ауруханасында медбике болып жұмыс істеп бастаған. Ол жерде 20 жыл еңбек еткен.

Фото: Бағлан Нұрымованың жеке архиві

“Мектеп бітірген кезде ауылдан қалаға барып, ҚазҰУ-ға оқуға түссем деген арманым болған. Алайда ол кезде тоқырау заманы болып жатты. Отбасы жағдайыма байланысты оқуға түсе алмадым. Қазір екі қызым бар. Үлкен қызым 30 жаста, кішісі 19-да. Үш немерем бар. Бұған дейін балаларым еш қиындық көрмесін деп екі-үш жұмысқа дейін істеген кездерім болды. Қазір 7-аурухананың жанындағы мамандандырылған бөлімнің аға мейірбикесімін”, – деді Бағлан.

Алматылық 47 жасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға медицина саласына оқуға түсіп, 50 жасында тәмамдаған.

“Басында оқуға үйренісу сәл ыңғайсыз болды. Жас мамандар сабақ береді. Сабақты орындау көбіне компьютермен болды. Сайттарға кіруде кішкене қиыншылықтар болды. Алайда 5-6 айдан соң үйреніп алдық. Ал стационарда 20 жыл жұмыс істегеннен кейін практикалық тәжірибем сабақта өте қатты көмектесті. Емтихан, тест кезінде практикадағы білім теория жүзінде сұрақ болып келгендіктен көзімізді жұмып отырып белгілейтінбіз”, – деді ол. 

“Дипломды алғанда жастық шағым еске түсті”

Бағланның тобында өзі қатарлас студенттер де болған екен. Айтуынша ең үлкені 60 жас шамасында, кішілері 2000-2001 жылғы қыздар.

“Дипломды қолыма алған кезде мектепті бітірген, сондай бір жастық шағым есіме түсіп, қатты қуанышты сезімде болдым. Себебі ҚазҰУ-да оқысам деген сол бір жастық арманыма жеткендей болдым. Тіпті балаларым келеді деп ойлаған да жоқпын. 

Видеоны сыртымнан қызым түсіріп алыпты. Шыны керек сол кезде оларды күтпегенмін. Қатты қуанып, әлі сене алмай жүрмін. Жұмыстағы әріптестерім де қуанып, “желіні жарып жатырсыз” дейді. Мен қызымның салып қойғанын білмедім”, – деп қосты ол. 

Бағлан бакалаврды бітірді. Енді магистратурада оқу деген де ойы барын жасырмады.

“Магистратурада оқуды ойланып жүрмін. Қазір заманның талабы сол жоғары білім жұмыс орнында үлкен маңызға ие. Себебі бәрімізге мәлім медицина саласында мейірбикелердің жалақысы өте аз. Сонша жылдық еңбек өтілімен жүрсек те айлығымыз бәрібір мардымсыз. Сол үшін категорияға тапсырып, білімімізді жетілдіруге тырысамыз. Менің саламда мейірбикелердің бәрі оқығысы келеді. Сондықтан қатарластарыма оқу ешқашан да кеш емес деп айтқым келеді. Бұл қиын емес, бастысы бастап көру. Енді болашақта осы мамандықпен медицина колледждерінде жастарды тәрбиелегім келеді”, – деп қорытты ол.

STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 09:30