Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында қалаларды кеңістіктік жоспарлаудың жаңа тәсілдері таныстырылды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысының реновация және урбанистика саласындағы тәжірибесі еліміздің барлық өңірлеріне таратылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы оң нәтижелерін атап өтіп, жергілікті реновация бағдарламасын тиімді әрі үлгілі тетік ретінде бағалады. Бүгінде осы тәжірибені еліміздің барлық облыстарынан Көкшетауға жиналған мамандар "AQMOLA URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация" форумында зерделеуде, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.

Ауқымды екі күндік форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 120-дан астам отандық және халықаралық урбанистер, сәулетшілер, инвесторлар, құрылыс салушылар мен салалық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Айта кету керек, форум құрылыс саласы үшін маңызды кезеңде өтіп отыр. Өйткені биылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді.

Ақмола облысының тәжірибесіне берілген жоғары баға форум барысында нақты іс жүзінде көрініс тапты. Салалық министрлік өңірдің озық тәжірибелерін жүйелеп, оларды 2026–2027 жылдарға арналған жол карталары аясында енгізу үшін Қазақстанның барлық өңірлеріне әдістемелік ұсынымдар ретінде жолдаған. Ерекше атап өтерлігі, Ақмола облысы елімізде алғаш болып жүйелі абаттандыру мен кеңістіктік жоспарлау тәжірибесін облыс орталығынан тыс жерлерге енгізді. Бүгінде бұл тәсілдер Атбасар, Бұланды, Аршалы аудандары мен Қосшы қаласында жүзеге асырылып жатыр.

Форумның пленарлық отырысын ашқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов урбанистикалық өзгерістердің басты мақсаты бюджет қаражатын игеру емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтиже болуы тиіс екенін атап өтті.

“Бұл – Президентіміздің тікелей тапсырмасы. Қалалардың сәулеттік келбетін жаңарту, тұрғындарды жайлы әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Біз жаңа тәсілдер мен озық технологияларды енгізу үшін жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы урбанистика, абаттандыру, көгалдандыру және реновация бағытындағы жұмысымызға оң баға беріп, Үкіметке бұл жұмысты жалғастыруды тапсырды”, – деді өңір басшысы.

Жайлылықтың негізі: бірыңғай дизайн-код пен жасыл инфрақұрылым

Практикалық сессиялар барысында форум қатысушыларына Көкшетау қаласының мысалында қалалық ортаны қысқа мерзімде өзгертуге мүмкіндік беретін нақты құралдар таныстырылды.

Олардың қатарында:

  • Бірыңғай дизайн-кодты енгізу – көшелерді визуалды шудан, ретсіз сыртқы жарнамалардан тазарту және ғимараттардың қасбеттерін бірыңғай эстетикалық келбетке келтіру;
  • Энергия тиімділігі технологиялары – көшелерді жарықтандыру жүйесін заманауи LED-шамдарға көшіру арқылы жаңғырту;
  • Қоғамдық кеңістіктерді көркем безендіру – тұрғын үйлердің қабырғаларына ауқымды муралдар салып, қаланың жаңа көркем нысандарын қалыптастыру;

"Көк Шалғын" жобасы – қаланың су және жасыл аймақтарын біртұтас экожүйеге біріктіретін бірегей ландшафтық шешім. Жоба "Жеңіс" саябағын, Даңқ аллеясын, "Тәуелсіздік" орталық алаңын және Қопа көлінің жаңа жағалауын өзара байланыстырып, тұрғындар үшін жайлы демалыс кеңістігін қалыптастырды.

Форум қорытындысында қатысушылар "Aqmola Urban Forum" урбанистиканың бүгінде қалаларды көріктендірумен ғана шектелмейтінін айқын көрсеткенін атап өтті. Заманауи урбанистика – азаматтардың өмір сапасын арттырудың және өңірлік экономиканы дамытудың маңызды құралына айналып отыр. Екі күндік талқылау барысында әзірленген ұсынымдар 1 шілдеден бастап еліміздің барлық өңірлері үшін практикалық бағдар болмақ.

Stan.kz
Сенбі, 30 Мамыр, 2026 15:32