1 миллион теңге айыппұл кешірілмек: Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік рақымшылық кімдерге қолданылады

ІІМ Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кімдер ілігетінін нақтылап берді. Жаңа заң жобасы кейбір санаттағы азаматтарға жеңілдік қарастырып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жол ашуды көздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік рақымшылық енгізу бастамасын көтерді. Бұл қадам елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып, әділеттілік пен адамға құрмет қағидаттарын күшейтуге бағытталған.
ІІМ мәліметінше, рақымшылық қылмысқа жеңіл қарау емес, мемлекеттің гуманистік және дамытушы бағытын көрсететін ерекше құқықтық акт. Оның негізгі мақсаты – қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін құқық бұзушылық жасаған адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.
“Мемлекет мұндай азаматтардың қоғамға, жұмысқа және күнделікті өмірге қайта араласуына жеңілдік жасап, кедергілерді азайтуды көздейді.
Президент тапсырмасын орындау үшін Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттар бойынша рақымшылық туралы заң жобасын әзірледі. ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірге құжат жобасын талқылайтын жұмыс топтарына белсенді қатысуда.
Рақымшылық қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылады. Айта кетерлігі, әкімшілік рақымшылық тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жүргізілмек”, – деді ведомство.
- ІІМ мәліметінше, қылмыстық рақымшылық жеңіл және онша ауыр емес қылмыс жасағандарға қолданылады.
- Ал залал өтелген жағдайда орташа ауыр қылмыс жасағандар да қамтылуы мүмкін. Жаза мерзімін қысқарту әр істің ауырлығы мен сотталғанның мінез-құлқына қарай белгіленеді.
“Рақымшылық шаралары 15 мыңнан астам адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық сотталған түзеу мекемелерінде отыр,” – деді ІІМ Әкімшілік департаментінің орынбасары Ермек Шүлден.
Сонымен қатар ол рақымшылық қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейтінін атап өтті. Себебі құжатта нақты шектеулер мен алып тастаулар қарастырылған.
“Рақымшылық террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы әрекеттерге, азаптауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстарға қолданылмайды. Сондай-ақ қайталанған қылмыс жағдайларына да жүрмейді. Осылайша, құжат ауыр және қоғамға қауіпті қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпау қағидатын сақтайды,” – деді Ермек Шүлден.
Әкімшілік рақымшылық 263 бапты қамтып, 15 мемлекеттік органға қатысты құқық бұзушылықтарға қолданылады.
2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған істер бойынша азаматтар мен кәсіпкерлер төленбеген айыппұлдардан босатылады.
ІІМ дерегінше, бұл шамамен 1 миллион айыппұл мен 17 миллиард теңгеден аса соманы қамтиды. Шара халық пен бизнеске түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
“Әкімшілік рақымшылық салмақты түрде жүргізіледі және адам өмірі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Оның ішінде қару мен есірткі айналымы, мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу сияқты өрескел жол ережесін бұзулар және қайталанған құқық бұзушылықтар бар. Осылайша, бақылау толық сақталады,” – деді спикер.
Ұсынылып отырған заң жобасы гуманизм қағидаттары мен "заң мен тәртіп" идеологиясын үйлестіре отырып мемлекеттік саясаттың сабақтастығын көрсетеді. Қазіргі уақытта құжат мәжілістің қарауында.
Оқыңыз