Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы шоттарында ақшаның азайғанына шағымдады

 Зейнетақы қорындағы шоттың скрині

Скриншот

Қазақстандықтар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шоттарында ақшаның азайғанына шағымдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желідегі жазбаларда қазақстандықтар скриншоттар жариялап, шотқа тұрақты түрде жарналар жіберілгенімен, жалпы сома азайып қалғанын алға тартты. 

Пайдаланушылардың бірі 2026 жылдың ақпанынан сәуіріне дейінгі екі айдағы айырмашылықты көрсеткен. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде шотқа тұрақты түрде жарналар түскеніне қарамастан, жалпы сома шамамен 40 мың теңгеге азайған.

"Соңғы екі айда шотқа ақша түсті, бірақ инвестициялық табыстың төмендеуіне байланысты жалпы жинақ сомасы азайды. Бұл мүмкін бе? Біз тұрақты түрде жарна төлейміз, жинақ өседі деп үміттенеміз, ал іс жүзінде шығын көріп отырмыз. Онда мұндай жағдайда жеткіліктілік шегіне қалай жетуге болады? Бұған кім жауап береді?" – деп жазды ол.

Тағы бір қолданушы бірнеше күн ішінде қаражат 50 мың, енді бірі бірнеше айда 250 мың, 1 миллион теңгеге азайғанын айтқан.

"Неге төрт күннің ішінде жинақ сомасы азайды? Мен ештеңе алған жоқпын. Мұны кім түсіндіре алады?", “Менде 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың наурызына дейін 250 мың теңге азайған, ал күйеуімнің шотында 1 миллион теңгеге аз" – деп жазды желі қолданушылары. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл жағдайды инвестициялық табыстың құбылуымен түсіндірді.

"Зейнетақы жинақтарының азаюына қатысты айтар болсақ, инвестициялық табыстың өзгеріп тұратынына назар аудару қажет. Сіз аударатын зейнетақы жарналары өзгермейді. Ал инвестициялық табыс – тұрақты көрсеткіш емес, нарықтағы жағдайға байланысты ол оң да, теріс те болуы мүмкін. Мұндай қысқа мерзімді ауытқулар қалыпты жағдай. Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция, сондықтан табыстылықты ұзақ кезең бойынша бағалау дұрыс", – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер болатынын мәлімдеген еді. 

Қарастырылып жатқан тәсілдердің бірі зейнетақы аннуитеті. Бұл азаматтың жинағының бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойы тұрақты төлем алу механизмі.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 18:32