Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңадан пайда болған шетелдік банк елдегі бизнесін біріктірмек

Фото: thedubaiweb.com

Қазақстанда жаңадан құрылатын Abu Dhabi Commercial Bank әмбебап лицензия алған соң, елдегі бизнесін біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Төраға бұған дейін Abu Dhabi Commercial Bank-ке әмбебап банк лицензиясын алуға рұқсат берілгенін айтты. Бұл шешім 2026 жылдың наурыз айының соңында қабылданған. Алайда осы уақытқа дейін қаржы ұйымы Қазақстанда ислам банкі – Abu Dhabi Commercial Bank ретінде жұмыс істеп келген.

Әбілқасымованың айтуынша, заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, әмбебап лицензия алған банк енді бірнеше қызмет форматын қатар ұсына алады.

“Өткен жылы жаңа банк туралы заң қабылданғанда, біз әмбебап банктерге исламдық терезелер ашуға мүмкіндік беретін норманы енгіздік. Бұған дейін банк исламдық және дәстүрлі қызметті қатар көрсету үшін екі бөлек лицензия алуға міндетті еді. Бірі – ислам банкіне, екіншісі – әмбебап банкке. Енді әмбебап банк бір лицензия аясында исламдық қызметті де, дәстүрлі банктік қызметті де қатар көрсете алады”, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның сөзінше, алдағы уақытта Abu Dhabi Commercial Bank өзіне тиесілі ислам банкін жаңа әмбебап банк құрамына қосуды жоспарлап отыр.

Ұлттық банктің 2026 жылы 1 наурыздағы дерегіне сәйкес, исламдық Abu Dhabi Commercial Bank банкі актив көлемі бойынша Қазақстандағы 23 банктің ішінде 21-орында тұр. Оның активі – 237,3 миллиард теңге.

Қазақстан банк нарығындағы соңғы ірі мәмілелердің бірі 2025 жылдың екінші жартысында жасалды. Сол кезде миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі ForteBank Home Credit Bank-тің 100% үлесін сатып алған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жаңа банк пайда болатыны хабарланған еді. Наурыз айында агенттік Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке Қазақстанда еншілес банк ашуға рұқсат берген. ADCB – БАӘ-нің ірі банктерінің бірі, оның негізгі акционері – Абу-Даби үкіметіне тиесілі Mubadala инвестициялық компаниясы.

Жаңа банк Қазақстанда қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынып, исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр. Агенттік бұл банктің нарыққа келуі бәсекені күшейтіп, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады деп есептейді.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 17:35