Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық сүңгуір бірнеше жылдан бері Каспи түбін қоқыстан тазартып келеді

Ақтаулық Қанат Әбдиевтің есімі шаһар тұрғындарына жақсы таныс. Ол Каспий теңізіне қысы-жазы шомылып, көпшілікке салауатты өмір салтын насихаттайды. Спортшы жігіт суға сүңгіген кезде, теңіз түбіндегі қоқысты алып шығады. Осылайша, күнделікті ағзасын шынықтырып, әрі қоршаған ортаға пайдасын тигізіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Соңғы күндері қалада  күн райы құбылып тұр. Алайда Қанат Әбдиевке бұл кедергі емес. Теңізге түспес бұрын, жаттығу жасап, денесін қыздырады. Сүңгуір костюмін киген соң жағалауды   бойлай жүзіп, су түбінен қоқыс іздейді. Көк айдында өткізген әр күнін видеоға түсіріп, әлеуметтік желде жариялап жүр. Осылайша, экоеріктінің ғаламторда танымалдығы күн санап артып келеді.

“Өзіміздің ішіп отырған ас-суымыздың барлығы Каспиймен келіп тұр. Балығымыз бар. Өзіміздің қоқысымызды өзіміз жеп жатырмыз деген түсінік берейін деген мақсатта салдым. Полиэтилен пакеттің өзі уақыт өтуімен ыдырап, теңіз жәндіктерінің қорегіне айналады. Ол асқазанына түскеннен кейін қорытып үлгермейді. Өзіміз соны жейміз ертеңгі күні, сол үшін тазалық керек”, – деді экоерікті Қанат Әбдиев. 

Әуесқой сүңгуір тазалық шарасын тек қала жағажайында емес,  Саура, Голубая бухта секілді демалыс орнында да өткізеді. Бірде ол 1300 метр аумақты жүзіп, бірнеше қапшық қоқыс жинағанын айтады. Әсіресе шомылу маусымы кезінде теңіз түбінен пластик бөтелке, басқа да тұрмыстық қалдық көп шығады екен. Тіпті көлік дөңгелегін де тапқан.

Назархан Уән
Жексенбі, 19 Сәуір, 2026 12:56