Украина билігі Назарбаевтың құрметіне орнатылған ескерткішті бұзудан бас тартты

Украинада Каменское қаласында орналасқан Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған барельеф алынбайтын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Украина Центральная Азия Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Украинаның ұлттық жады институты барельефті бұзуға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Мекеме басшысы Александр Алфёров оның құрамында тыйым салынған белгі жоқ екенін айтты. Оған қоса бұл ескерткіштің декоммунизация және “ресейлік империялық саясатқа” қатысты заңның талаптарына кірмейтінін айтты.
“Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Каменское қаласындағы жоғары кәсіптік училище ғимаратының қасбетіне барельеф орнатылған. Бұл ескерткіш қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді.Ол коммунистік тоталитарлық режим символикасына және ресейлік империялық саясатқа қатысты тыйымдарға жатпайды. Сонымен қатар бұл ескерткіш украин және қазақ халықтары арасындағы мәдени байланы пен достық қарым-қатынасты көрсетеді”, – делінген Александр Алфёровтың жазбасында.
Басылымның мәліметінше, ескерткішті алып тастау бастамасын қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайынов көтерген. Ол Каменское қалалық кеңесіне жолдаған өтінішінде Назарбаевтың КСРО-ның коммунистік партиясы мен мемлекеттік басқару органдарында қызмет атқарғанын еске салған.
ОқыңызСонымен қатар Құсайынов Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде елдің Ресейге тәуелділігін күшейтуге ықпал етті деп мәлімдеді. Ол қызметтен кеткеннен кейін де Путинмен кездесіп тұратынын айтты. Бұл өтініш кейін Украинаның ұлттық жады институтына жолданған.
Назарбаевқа арналған барельеф Каменское қаласындағы (бұрынғы Днепродзержинск) оқу орнының қасбетінде орналасқан. Ол бұл жерде 1958–1960 жылдары білім алған. Ескерткіш 2005 жылы орнатылған.
Айта кетейік, Талдықорғандағы қаңтар оқиғасы кезінде экс-президенттің ескерткіші құлатылғаннан кейін Қазақстанда Назарбаев ескерткіштері бірнеше жерден алынып тасталды. Атап айтсақ, Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында экс-президенттің ескерткіші бұзылып, Алматы метросынан Назарбаевтың суреті алынып тасталған еді.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен