Қазақстандық әйелге пластикалық отадан кейін 3 миллион теңге төленетін болады
Ақтау қаласында сапасыз пластикалық отадан кейін денсаулығына зиян келген әйелге моральдық өтемақы төлеу міндеті дәрігерге жүктелді. Сот хирургтен 3 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтау қаласында сот науқастың бет пішінін түзетуге арналған пластикалық ота жасаған хирургке қатысты талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Әйел отадан кейін келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлағанын және психологиялық күйзеліске ұшырағанын мәлімдеген. Сот дәрігерден моральдық зиян үшін 3 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Ақтау қаласының №2 сотында Б есімді азаматшаның хирург-дәрігер С-ға материалдық шығынды өтеу және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісі қаралды. Дәрігер денсаулық сақтау министрлігі берген мемлекеттік лицензия негізінде хирургиялық қызмет атқарған.
Сот анықтағандай, 2022 жылдың маусым айында дәрігер әйелге бет пішінін түзету мақсатында пластикалық ота жасаған. Хирургиялық араласудан кейін пациенттің құлағы мен бет аймағында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлаған және сыртқы келбеті өзгерген.
Алғашқы емдеу шараларына қарамастан, әйелдің жағдайы жақсармаған. Осыған байланысты ол басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

2025 жылы Алматы қаласында әйелге қайта түзету отасы жасалған. Алайда одан кейін бет жүйкесінің бір тармағы зақымданып, жұмсақ тіндерінің деформациясы пайда болған. Осылайша, пациент ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық сезініп, моральдық зардап шеккен.
Жәбірленуші сотқа жүгініп, сапасыз медициналық қызмет көрсету салдарынан келтірілген материалдық шығын үшін 20 миллион теңге, ал моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өндіруді талап еткен.
Сот істің материалдарын зерделей келе, кейінгі емделуге жұмсалған барлық шығынды растайтын құжаттар ұсынылмағандықтан, материалдық залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Сонымен қатар сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуі салдарынан денсаулыққа зиян келіп, моральдық зардап шеккенін растаған.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, дәрігер С-дан талап қоюшы Б-ның пайдасына 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген.
Еске салайық, 2026 жылғы 4 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция жасату үшін жекеменшік клиникаға жүгінген. Жұбайының айтуынша, операция кезінде наркоздан кейін оның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, науқас комаға түскен. Ол жедел түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, бір ай бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдағанымен, 5 мамыр күні көз жұмды.
Осы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, клиника жұмысынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тексеру барысында Ербол Айтуовтың II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Соған қарамастан, оған операция алдында эндокринолог пен терапевтің қосымша кеңесі ұйымдастырылмаған, операцияға дейінгі дайындық пен тәуекелдерді бағалау талапқа сай жүргізілмеген. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға нұсқама беріліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Сондай-ақ биыл мамыр айында Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан да липосакцияда көз жұмған. Осы қайғылы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл клиникада 2020 жылы да дәл осындай операциядан кейін адам өлімі тіркелгенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, сол кездегі тексерістерден кейін медициналық мекеме пластикалық операция жасау лицензиясынан айырылған. Алайда кейін басқа заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен соң жаңа лицензия алып, сол мекенжайда жұмысын жалғастырған.
Осы екі резонансты жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға бақылауды күшейтетінін хабарлады. Министрлік алдағы уақытта жоспардан тыс тексерулерді көбейтіп, клиникалардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін, медициналық жабдықталуын және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтпек.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты