Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес миллион теңге жинағы барлар": Айдос Сарым Қазақстандағы орта таптың өлшемін атады

Айдос Сарым
Фото: primeminister.kz

Құрылтай кулуарында журналистер депутат Айдос Сарымнан қазақстандықтарды байлар мен орта тап өкілдеріне қандай критерийлер бойынша бөлетінін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айдос Сарымның айтуынша, құрылтай депутаттары мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі арасында кімдерді орта тапқа жатқызу керек екені жөнінде пікірталас болған.

"Менің ойымша, көптеген елдегідей, әлеуметтік зерттеулердің көрсеткіштеріне сүйену керек. Орта таптың жоғары (upper-middle class) және төменгі (lower-middle class) деңгейлері бар, сондықтан оларды санаттарға бөлу қажет. Мысалы, бес миллион теңгеден астам жинағы бар адамдарды бөлек қарастыруға болады. Ал шартты түрде С санатына жататын адамдардың барлығын орта тап деп есептесек, бұл топтың жағдайы өте осал әрі тұрақсыз болуы мүмкін", – деп түсіндірді депутат Айдос Сарым.

Оның пайымдауынша, орта тап дегеніміз институционалдық және экономикалық тұрақтылыққа негізделген қоғамның маңызды бөлігі.

"Жұбайы қайтыс болған жағдайда, отбасының сақтандыруы, депозиті және басқа да жинақтары болса, балалар кішкентай кезде осы қаражат отбасының қиындықты еңсеруіне көмектесе алады", – деді Айдос Сарым.

Еске салайық, бұған дейін 18 қазанда Қазақстанда отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятор іске қосылған еді. Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 16:36