Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кентаудағы жарылыс: Кәсіп иесі 5 жылға, ал бекетте газ құйып берген кассир 4 жылға сотталды

оооооо
Фото: Stan.kz

Кентауда Жаңа жыл түні екі жастың өмірін қиған дәмханадағы газ баллонының жарылысына қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы оқиғаға байланысты дәмхана иесі бес жылға, ал газ құю бекетінің 23 жастағы оператор-кассирі төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға Жаңа жыл түні қаланың орталығындағы дәмханалардың бірінде болған. Тамақтану орнында газ баллоны жарылып, салдарынан екі жас көз жұмды. Марқұмдар шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген. Іс бойынша екі адам жауапқа тартылды. Олардың бірі – дәмхана иесі Ақжан Абдрасұлы. Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Екіншісі – дәмханадағы газ баллонына газ құйып берген жанар-жағармай бекетінің оператор-кассирі. Оған газды пайдалану талаптарын бұзды деген айып тағылды.

Ақжан Абдрасұлы Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол үш жыл бойы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот залында оның бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау туралы шешім қабылданды.

Дәмхана иесі марқұмдардың ата-анасына 10 миллион теңгеден, жалпы 20 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал газ құю бекетінің 23 жастағы оператор-кассирі төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Марқұмдардың туыстары оған кешірім бергенімен, сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатпады.

"Баламды енді көре алмаймын"

Марқұмдардың бірі – Бақдәулет Мұсаның анасы Шолпан Ахметова сот шешіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, баласынан айырылудың қайғысы әлі де ауыр. Анасы сот үкімі басқа кәсіпкерлерге сабақ болып, олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді деп үміттенеді.

"Олар сотталғанымен, үйіне келеді ғой. Анасы көреді. Ал мен баламды көре алмаймын. Мәңгілікке кетті. Сондықтан дұрыс шешім шығарды деп ойлаймын. Өйткені басқа кәсіпкерлерге де сабақ болып, өрт қауіпсіздігі талаптарын жақсы орындаса деймін. Жақында бір жыл болады. Бұл жағдай болмағанда, қазір баламды үйлендіріп, қыз бен жігіт бақытты өмір сүріп отырар еді. Өте қиын. Әр сотқа келген сайын осы жағдайды есіме түсіру де өте ауыр", – деді ол.

оооооо
Фото: Stan.kz/ Марқұмның анасы

Айта кетейік, дәмханадағы жарылыс Жаңа жыл түні болған. Оқиға кезінде 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы сол жерде көз жұмды. Ал денесінің 90 пайызын күйік шалған Бақдәулет Мұса сегіз күннен кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмдардың туыстары дәмханада қарапайым өрт сөндіру құралдары болмағанын айтқан еді. Олардың сөзінше, жалынды сөндіруге тырысқан тұрғындар амалсыздан қымыз пайдаланған.

Еске сала кетейік, Алматыда тұрғындарға ортақ жер телімдерін заңсыз сатқан пәтер иелері кооперативінің бұрынғы төрағасы бес жылға сотталды. Оның әрекетіне байланысты Ақсай-1А шағынауданының тұрғындары шағым түсірген.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 15:34