Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Испаниядағы теміржол апатынан 50-ге жуық адам қаза тапты – БАҚ

испаниядағы пойыз апаты
Фото: Reuters.com

Испанияда жоғары жылдамдықпен жүретін AVE пойызы рельсте тоқтап тұрған Iryo пойызымен соқтығысқан. Соққыдан кейін екі вагон рельстен шығып, теміржол үйіндісінен құлаған. Апат салдарынан кемінде 46 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ABC News порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Tribuna de Segovia басылымы Кастилия-Ла-Манча өңірінің төтенше жағдайлар қызметіне сілтеме жасап, қаза тапқандар саны 39 адамға жеткенін хабарлаған. Ал өңір үкіметінің баспасөз хатшысы Эстер Падилья кемінде 10 адамның қайтыс болғанын растаған.

El País басылымының жазуынша, жоғары жылдамдықпен жүретін AVE пойызы рельсте тоқтап тұрған Iryo пойызымен соқтығысқан. Соққыдан кейін екі вагон теміржол үйіндісінен құлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа адам қателігі себеп болуы мүмкін.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, сигнал беру жүйесінде ақау пайда болып, соның салдарынан шамамен сегіз пойыз тоқтап қалған. Осы кезде Мадридтегі Аточа вокзалының қозғалысты басқару орталығының қызметкері жолда басқа пойыз тұрғанына қарамастан, құрамдардың біріне қозғалысты жалғастыруға қате рұқсат берген болуы мүмкін.

Апаттың куәгері, журналист Мигель Анхель Перес Лагуна Capital Radio эфирінде оқиға кезінде AVE пойызының соңғы вагондарының бірінде болғанын айтып берді. Оның сөзінше, ол қатты соққыны сезген. Журналистің айтуынша, соққыға ұшыраған Iryo пойызы "әуеге көтеріліп кеткен".

Renfe теміржол компаниясы Мадрид, Сьюдад-Реаль және Андалусия арасындағы пойыз қатынасының уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Испания премьер-министрі Педро Санчес X әлеуметтік желісіндегі жазбасында теміржол апатына байланысты қатты қайғырғанын айтып, қаза тапқандар мен зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау білдірді. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони де қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

Еске салайық, бұған дейін екі айға жетер-жетпес уақыт бұрын Тибет пен Непалда мұздықтың опырылуынан кейін ірі су тасқыны мен көшкіндер болғаны туралы жазған едік. Сол кезде кемінде 1400 адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында қалған.

Непалдағы тасқын қалай болды?

Апат биыл 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстігінде болған. Қатты су ағыны арнасынан асып, бірнеше елдімекенді басып қалды.

Тасқын аймақтың инфрақұрылымына да орасан зиян келтірді. Тұрғын үйлер қирап, жолдар мен энергетикалық нысандар бүлінген.

БАҚ мәліметінше, апатқа жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Жерасты дүмпулерінен кейін көшкін жүріп, Бхоте-Коси өзенінің арнасы бөгелген. Соның салдарынан жиналған су төмен қарай лап қойып, елді мекендерді басқан болуы мүмкін.

Қазір апат аймағында құтқарушылар, әскерилер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен аумақтарды тексеріп, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 16:07