Непал–Тибет шекарасындағы көшкін: Қытай билігі екінші су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті
Қытай билігі Непал–Тибет шекарасы маңында жақында болған көшкіннен кейін пайда болған көлдің арнасынан асып, төменге қарай екінші рет су тасқынын тудыру қаупі жоғары екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, бұған дейін Непал мен Қытай шекарасында жойқын су тасқыны мен сел жүріп, жүздеген адам қаза тапқан еді. Ғалымдардың айтуынша, су тасқынына таудағы мұздықтың өзенге құлауы себеп болған.
Қытайдың CCTV телеарнасының мәліметінше, су тасқынынан кейін тауда көл пайда болып, шамамен 2,5 миллион текше метр су жиналған. Шенеуніктер алдағы күндері көлге тағы 3 миллион текше метр су құйылуы мүмкін екенін айтып, оның арнасынан асып кету қаупі "жоғары" екенін мәлімдеді.
Алайда кейбір сарапшылар көлдің уақыт өте келе табиғи жолмен тартылып, суы ағып кетуі мүмкін екенін айтады.
Қытайдың Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, көл өзеннің арнасын үйінділер бөгеп қалуы нәтижесінде пайда болған және Чхочен-Кхола және Пурепу-Цангпо өзендерінің түйіскен жерінде қалыптасқан.
Көл мұздық құлаған Лангтанг-Лирунг шыңына жақын орналасқан. Сондай-ақ ол жойқын тасқыннан зардап шеккен Непал мен Қытайды байланыстыратын негізгі құрлық өткелі – Гиронг портынан бірнеше шақырым жоғарыда орналасқан.
27 тамыз күні көл арнасынан асып, суы төгіле бастаған. Ал жұма күні таңертең Қытай әскери дроны қар басқан тауда қар көшкіні жүргенін түсіріп алған. Оның салдарынан шамамен 50 мың текше метр мұз сынықтары көлге түскен.
Билік тұрғындарға ескерту жасап, төтенше жағдайда эвакуациялауға дайындалуға тапсырма берді. Құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қытайдың төтенше жағдайлар қызметтерінің басым бөлігі Гиронг портынан шамамен 7 шақырым қашықтағы ауылда тоқтаған.
CCTV телеарнасының хабарлауынша, бұған сол кезде көл суының "толассыз тасып жатқаны" себеп болған.
Алайда 28 тамыз күні түстен кейін мемлекеттік БАҚ "көлге байланысты қауіп бақылауға алынды" деп хабарлап, құтқару жұмыстары қайта басталғанын мәлімдеді.

Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары алдағы күндері өңірде қатты жауын-шашын мен дауыл болуы мүмкін екенін хабарлады. Бұл көлдегі су деңгейінің көтерілуіне қатысты алаңдаушылық туғызып отыр.
Алайда көл арнасынан асып кетсе де, сәрсенбі күнгі жағдайдағыдай жойқын су тасқыны болуы екіталай. Непалдағы көлдердің арнасынан асып кету құбылысын зерттеген Грац университетінің геоғалымы Якоб Штайнердің айтуынша, көл жақында ғана пайда болған және оның тереңдігі аса үлкен емес.
Дегенмен көлден аққан су аңғардың беткейлерін одан әрі шайып, эрозияны күшейтуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жаңа көшкіндердің жүруіне әкелуі ықтимал.
"Билік құтқару жұмыстары кезінде аса сақ болуы керек және кез келген қайталама толқын мен апаттан кейінгі көшкінге дайын болуы қажет. Себебі аңғардың қабырғалары су шайып кеткендіктен, қазір әлдеқайда осал", – деді Халықаралық таулы өңірлерді кешенді дамыту орталығының гляцио-гидрологы Мохд Фарук Азам.
Якоб Штайнер Қытай билігінің көлдің арнасынан асып кетуін тоқтатуы екіталай екенін айтты.
Оның сөзінше, техникалық тұрғыдан көлдегі суды экскаваторлардың көмегімен жасанды түрде ағызуға болады. Алайда ауыр техниканы көл орналасқан жерге жеткізуге мүмкіндік беретін жолдар жоқ.
Соңғы мәліметтер бойынша, Непалдағы жойқын су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 579 адамның денесі табылды. Сонымен қатар Непалдың төтенше жағдайлар қызметтері әзірге 1924 адамның қайда екенін анықтай алмай отыр. Олардың 575-і шетел азаматтары. Қытай билігі елдің Тибет аймағында тағы 500-ден астам адамның хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Непалда жойқын су тасқыны болып, мыңдаған адам із-түссіз жоғалып кеткені туралы жазған едік. Су тасқынынан жоғалғандар арасында екі қазақстандық әйелдің бар екені белгілі болды.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
